АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресеймен бейбіт келіссөздерді тежеп отыр деп айыптады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМП ЗЕЛЕНСКИЙДІ МӘМІЛЕГЕ КЕДЕРГІ ЖАСАУДА АЙЫПТАДЫ
Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Трамп The Wall Street Journal жариялаған мақалаға Зеленскийдің берген жауабына қатысты пікір білдірді. Мақалада АҚШ Крымды Ресейдің жері ретінде мойындауды ұсынды деген ақпарат болған.
«ЗЕЛЕНСКИЙ МАҚТАНАР ЖАҒДАЙДА ЕМЕС» – ТРАМП
«Украина президенті Владимир Зеленский The Wall Street Journal-дың бірінші бетінде "Украина Қырымның аннексиясын заң жүзінде мойындамайды. Мұнда талқылайтын ештеңе жоқ" деп мақтанып отыр. Бұл мәлімдеме Ресеймен бейбіт келіссөздерге үлкен зиян келтіреді. Қырым бірнеше жыл бұрын, Обама тұсында, бірде-бір оқ атылмастан Ресейге берілген болатын», – деді Трамп.
Ол Зеленскийден Қырымды Ресейдің жері ретінде мойындау талап етілмегенін, бірақ егер ол бұл аумақты қаласа, оны неге он бір жыл бұрын қорғап қалмағанын сұрайды.
"ҮШ ЖЫЛ СОҒЫСЫП, ЕЛІНЕН АЙЫРЫЛҒАНШЫ – БЕЙБІТТІККЕ КЕЛСІНСІН"
Трамп Зеленскийдің қазіргі жағдайымен мақтануға негіз жоқ екенін айтты: «Ол бейбітшілікті таңдай алады немесе тағы үш жыл соғысып, елінен айырылып қалуы мүмкін. Менің Ресеймен ешқандай байланысым жоқ, бірақ апта сайын бекерге қырылып жатқан бес мыңдай орыс пен украин сарбазын құтқарғым келеді. Зеленскийдің бүгінгі мәлімдемесі тек қана "өлім алаңын" ұзартатыны болмаса, ештеңеге көмектеспейді».
ЛОНДОНДАҒЫ КЕЛІССӨЗДЕР ЖӘНЕ ПУТИННІҢ ҰСЫНЫСЫ
23 сәуір күні Лондонда Украина, АҚШ және Еуропа өкілдерінің қатысуымен келіссөздер өтті. BBC-дің орыс қызметі хабарлауынша, АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Марко Рубио келмегендіктен, кездесудің мәртебесі төмендеген.
Ал 22 сәуір күні Financial Times газетінің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы қазіргі майдан шебінде соғыс қимылдарын тоқтатуды ұсынған. Путин бұл ұсынысты АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен Санкт-Петербургтегі кездесуде жеткізген.
АҚШ өз тарапынан бірқатар ұсыныс жасаған: олардың қатарында Қырымды Ресейдің жері ретінде мойындау және Ресей бақылауындағы төрт облыстың кей бөліктеріне қатысты нақты жағдайды тану бар.