Соңғы күндері қазақстандық БАҚ беттерінде Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне уәде етілген сыйақы мен пәтерлердің неге әлі берілмегені қызу талқылануда. Осы мәселеге байланысты Лондон-2012 Олимпиадасының қола жүлдегері, балуан Ақжүрек Таңатаров пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Sportburо.kz ақпаратынша ол сыйақының кешігуіне бұрынғы допинг даулары қалай әсер еткенін түсіндіріп берді.
«ХАЛЫҚТЫҢ АҚШАСЫ – ЖАЙ ҚАРЖЫ ЕМЕС»
Таңатаровтың айтуынша, Олимпиада жүлдегерлері Қазақстанда әрдайым жоғары деңгейде қолдау көріп келеді.
«Біздегі сыйақы көлемі әлемдік рейтингте үнемі алғашқы ондықта. Алайда бұл қаражат – мемлекеттікі емес, халықтың салығы мен зейнетақы қорынан жиналған. Сондықтан оған ерекше жауапкершілікпен қарау қажет», – дейді спортшы.
ЛОНДОН-2012: ДАРЫНЫМЕН ЖАРҚЫРАҒАН, ДОПИНГПЕН ТҮҢІЛТКЕН
2012 жылы Қазақстан 13 медальмен рекорд жаңартқанымен, кейін 4 алтын медаль қайтарылды. Бұл оқиға төлем жүйесіне өзгеріс енгізуге түрткі болды.
«Сыйақы бірден берілді. Бірақ допинг дауына байланысты ауыр атлетикадағы алтындардың жартысы жойылды. Ақша қайтарылмады. Енді заңнамаға сәйкес, ресми допинг қорытындысы шықпайынша, жүлде төленбейді. Бұл – дұрыс қадам», – дейді балуан.
«ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРІНІҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСЫ»
Таңатаров қазіргі Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне толық қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
«Мен Лондоннан кейін 75 000 доллар және көлік алдым. Қазіргілер миллиондап жалақы алады. Алтын алғандар – 3-4 миллион теңге көлемінде. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен әкімдіктер пәтер, көлік береді. Қарапайым қазақстандықтар мұндай табысқа қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан мемлекетке ренжу орынсыз», – деді ол.
ЖҮЛДЕГЕРЛЕРГЕ ЖАҚЫН АРАДА ТӨЛЕМ ЖАСАЛАДЫ
Жақында үкімет Париж-2024 Олимпиадасының жүлдегерлеріне сыйақы төлеу туралы қаулы қабылдады. Еске сала кетейік, Қазақстан 7 медаль жеңіп алған: 1 алтын, 3 күміс, 3 қола. Ел құрамасы жалпыкомандалық есепте 43-орын алды.
Алтын – Елдос Сметов (дзюдо)
Күміс – Нариман Құрбанов (гимнастика), Демеу Жадраев (күрес), Нұрбек Оралбай (бокс)
Қола – Ислам Сатпаев, Александра Ле (атыс), Гусман Қырғызбаев (дзюдо), Назым Қызайбай (бокс)