Гүлнара Кәрімова заңсыз активтерінің үштен бірін ғана қайтарған

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Өзбекстан Швейцарияда тәркіленген Гүлнара Каримованың активтерінен 95 миллион долларды қайтарып алды. Бұл қаражат енді әлеуметтік саладағы жобаларға бағытталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы БҰҰ аясында құрылған Uzbekistan Vision 2030 қор секретариатының басшысы Йонас Аструп Gazeta.uz сайтына берген сұхбатында айтқан.

ҚАРАЖАТТЫҢ ҚАЙТАРЫЛУЫ

Аструптың айтуынша, бұл қаражат Каримоваға қарсы Швейцарияда қозғалған қылмыстық істер нәтижесінде қайтарылған. Қазірге дейін екі іспен жұмыс толық аяқталған:

Бірінші іс – 131 миллион долларға қатысты. Бұл іс 2022 жылдың қыркүйегінде аяқталған, сол кезде аталмыш қор да құрылған.

Екінші іс – 182 миллион доллар көлеміндегі активке қатысты. Ол жуырда ғана аяқталған.

Екі істің нәтижесінде Өзбекстанға қайтарылуы тиіс сома – 313 миллион доллар, оның 95 миллионы қазірдің өзінде БҰҰ-ның Нью-Йорктегі есепшотына аударылған.

ҚАРАЖАТ НЕ ҮШІН ЖҰМСАЛАДЫ

Аструптың айтуынша, қор бұл қаражаттың 67 миллион долларын денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы жобаларға бөлген. Бұл жобалар Өзбекстан халқының игілігіне жұмыс істеуге бағытталған.

АКТИВТЕР ТОЛЫҚ ҚАШАН ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Сұхбат барысында Аструпқа тәркіленген барлық активтердің Өзбекстанға толық қайтарылуы қанша уақыт алатыны туралы да сұрақ қойылған. Ол нақты мерзім айту қиын екенін айтты:

"Қазіргі таңда жалпы сомасы 850 миллион долларға дейін жететін істер әлі қаралу үстінде. Сондықтан нақты нәтиже туралы болжағымыз келмейді".

ҚОР ҚАНША УАҚЫТ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Қордың нақты қанша жыл жұмыс істейтіні – қаражаттың түсуіне байланысты. Құжаттарда жылына 100 миллион доллардан қаржы келіп отырады деп болжанған. Егер бұл жоспар жүзеге асса, қор 8–9 жыл жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ бұл – тек алдын ала жорамал.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДІҢ ҚАТЫСЫ

Аструптың айтуынша, қор құрылымын басқа елдер де қолдана алады. Себебі Гүлнара Каримованың активтері бірнеше елде бар. Егер сол мемлекеттер өз активтерін қайтару үшін осы қорды пайдалануға ниет білдірсе, бұл Өзбекстан мен Швейцария үкіметтерімен келісілуі керек. Бұл қор – Швейцарияда Каримоваға қарсы қозғалған қылмыстық іс аясында тәркіленген қаражатты ашық әрі әділетті түрде жұмсау үшін құрылған.

БҰҒАН ДЕЙІН 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы бостандыққа шықты деген ақпарат тараған болатын. Бұл мәліметті UzNews.uz порталы бірқатар дереккөзге сүйене отырып жариялаған.

Алайда Өзбекстан жоғарғы сотының баспасөз қызметі бұл мәліметті жалған деп мәлімдеді.