Ұлттық экономика министрлігі Мәжіліске жаңа және қолданыстағы Салық кодексі жобасына түзетулердің екінші топтамасын ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Түзетулердің негізгі тармақтарының бірі – жұмыскерлердің табысына қарай жеке табыс салығының (ЖТС) дифференциалды мөлшерлемелерін енгізу. Табысы төмен азаматтар жоғары табысы бар қызметкерлерге қарағанда аз салық төлейді.
Сондай-ақ, медицина, білім беру, әлеуметтік аударымдар және басқа да шығындар бойынша шегерімдер оңтайландырылады. Қазіргі 14 АЕК орнына ай сайын 30 АЕК көлемінде бірыңғай базалық шегерім енгізу ұсынылып отыр.
– Бұл ретте барлық қосымша шегерімдер алынып тасталады, бұл бухгалтерлердің жұмысын жеңілдетіп, азаматтарға салық органдарына артық құжат жинаудың қажеті болмайды, – делінген хабарламада.
ТАҒЫ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БАР?
Сонымен қатар жоба Экспорттық-кредиттік агенттіктің салық салу тәртібін және банк қызметіне арналған корпоративтік табыс салығының нақты мөлшерлемесін белгілеуді көздейді. Бұл аталған саладағы белгісіздікті жояды.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін кірістерге де салық салу ұсынылуда. Бұл – мемлекеттік бюджет үшін қосымша табыс көзі.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, қоғамдық денсаулықты қорғау мақсатында энергетикалық сусындарға акциз енгізіледі.
Мұнай саласындағы салық жүйесін реформалау аясында «салықтық маневр» жүзеге асырылады – экспорттық төлемдерден (оның ішінде ренталық салықтан) мұнай өндіру кезінде төленетін салыққа жүктеме ауыстырылады. Бұл жүйені оңтайландырып, бюджетке түсетін салық түсімдерін тұрақтандыруға тиіс.
Жалпы алғанда, үкімет екі топтамада жаңа кодекс жобасы мен онымен байланысты заң жобаларына 71 түзету, ал қолданыстағы Салық кодексіне 67 түзету ұсынды.
САЛЫҚ КОДЕКСІ
Еске салайық, Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар Салық кодексі жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Атап айтқанда, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі 16% болады. ҚҚС салынатын шек – 40 млн теңге. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология салалары ҚҚС төлеуден босатылады.
Әлеуметтік сала мен денсаулық сақтау саласында ҚҚС-тан босатылатын дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін Үкімет белгілейді. Тек ақылы медициналық қызметтерге ҚҚС 10% мөлшерлемесімен салынады. Әлеуметтік салада корпоративтік табыс салығы (КТС) 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10% болады.