Мұғалімдер де ашуланып, былапыт сөз айтатынын түсінуіміз керек – сарапшы

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Педагог, білім беру саласының сарапшысы Алмас Ордабаев мұғалімдердің түрлі шектеу жағдайында жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл салада да қоғамдағы жалпы проблемалар қайталанып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Егер біз қоғамымда қандай да бір проблема бар десек, ол мұғалімдерге де тән. Олар да боқтанады, ашуланады, жағажайда демалғысы келеді – бұл өмірдің ажырамас бөлігі. Балалар да мұғалім деген тап-таза бір бейне емес екенін түсінуі керек. Мұғалімнің бейнесін тым қасиетті етіп көрсету балалармен арада қашықтық тудырады. Сол себепті мұғалімдердің қарапайым, күнделікті сөздері мен әрекеттері балаларға жиі жетпей қалады. Өйткені бала мұғалімді басқа ғаламның өкілі сияқты қабылдайды, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, екінші мәселе – мұғалімдерге шектен тыс миссия жүктеу. Олар бүкіл ұлтты тәрбиелеп, өркендетуі тиіс деген түсінік қалыптасқан.

Иә, білім беріп, тәрбиелеу – мұғалімнің жұмысының бір бөлігі. Бірақ бәрін мұғалімнің мойнына арта салуға болмайды! Бұл жұмыс үш бағытта қатар жүруі керек – ата-ана, қоғам және мектеп. Ал бізде, өкінішке қарай, үш "көпіршік" пайда болған: балалар, ата-аналар және мұғалімдер өз-өз алдына бөлек ғаламдарда өмір сүріп, өзара байланысы нашар, – деді Алмас Ордабаев Dope Soz YouTube-арнасының эфирінде.