Аутизмнің себебі екпе ме – министрдің жауабы

Аян Өрібай
Ұлысмедиа коллажы

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аутизмге балалар екпеден шалдығады деген пікірді жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ауытқулары бар балаларды ерте диагностикалаудың арқасында қазір аутизмге шалдыққан балалардың саны көбейіп бара жатқандай көрінеді. Бүгінгі таңда ерте анықтау жұмыстары емханаларда жүріп жатыр. Дүние жүзінде бүгінгі таңда бұл бағытта ғылыми еңбектер жүргізілуде. Нақты себебін анықтауды олардың бәрі мақсат етеді. Біздің мақсат – сондай санаттағы балаларға ерте коррекция жасау, – деді Ақмарал Әлназарова үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда коррекциялық орталықтар бар. Бірақ оған бару үшін балоа педагогикалық-психологиялық комиссиядан өтуі керек. Балалардың мұндай орталықтарға уақтылы тіркеле алмауын Әлназарова білім саласындағы мәселелерден көреді. 

Тиісті көмектің бәрін алу үшін емхана деңгейіндегі осындай балаларға арналған көмектің трансформациясын жасап жатырмыз. Бұрын емханадағы тек бір дәрігермен қаралатын кабинеттердің бәрін біріктіріп, бір жүйеге келтіргіміз келеді. Осы жылдың ішінде жұмысты аяқтаймыз. Ол ерте анықтауға мүмкіндік береді, – деді ол.

ЕКПЕДЕН ЕКЕНІ РАС ПА

Әлназарованың сөзінше, балалар аутизмге екпеден шалдығады деген пікір – аңыз.

Мұны аңыз деуге болады. Себебі барлық мемлекеттер екпені енгізіп жатыр. Екпе соңғы 70-80 жылдан бері бар. Балаларды вакцинамен басқарылатын аурулардан сақтап келеміз. Өзінің дүние жүзінде тиімділігі дәлелдеген ем. Сондықтан, екпемен байланыстыруға болмайды, – деді ол.