Марқұм Нұрқанат Шерзат ісіндегі екі қыз туралы күтпеген деректі айтқан

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыған болатын. Нұрқанат тергеу кезінде оқиға орнында болған екі қызға қатысты күтпеген деректер айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ПЫШАҚ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ

Нұрқанаттың сөзінше, төбелес кезінде бір қыз Қаржаубайды дүкеннен шығармай, есікті тіреп тұрса, екіншісі мерседес көлігінен пышақтарды алып беріп тұрған. 

- Ахмет деген бала есеңгіреп, бетонға құлады. Абзал (сотталушы) оны жағасынан ұстап тұр екен. Қолынан Ахметті жұлып алып, қаш дедім. Бір кезде жігіттер маған атылды, Нұрқияс мені ұрып жіберді. Мен де оны ұрып, соққы көкірегіне тиді.

Қаржаубай ағам дүкеннен шыға алмай тұр екен, есікті бір қыз ұстап, жібермей тұрған. Аяғымен есікті тіреп тұрған. Тағы бір қыз мерседестің қасында тұрды. Сол кезде пышақ шыға бастады. Мерседестен бір қыз пышақтарды алып беріп тұрды.

Нұрқияс маған пышақ сермеді. Осы уақытта Шерзат қайдан пайда болғанын білмеймін, ол Абзалды ұрып жіберіп, ол ары қарай шегінді. Маған он шақты бала жүгіріп, Шерзат маған келіп, қашайықшы деді. Сол кезде төбелес басталды, делінген марқұм Нұрқанаттың жауабында.

НҰРҚАНАТТЫҢ ТЕРГЕУДЕГІ ЖАУАБЫ

Бұған дейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі жауаптарын жазған едік. Толығырақ осы тұста

НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Сонымен қатар, үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов жауап берді. 

Одан бөлек, 28 сәуір күні Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Абдықадыр келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. Самат – сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры. 

Сотта күдіктінің тағы бір бауыры Дәулет Мұратов та келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. 

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.