ҚҚС-ті көтеру Қазақстан экономикасы үшін қаншалықты қауіпті

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда қосымша құн салығын (ҚҚС) көтеру туралы ұсыныс қоғамда әлі кеңінен талқыланып жатыр. Бұл бастама экономиканың қазіргі қиын жағдайын шешуге көмектесе ме? «Uchet» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев саясаттанушы Досым Сәтпаевқа берген сұхбатында бұл сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сәтпаев ҚҚС мөлшерлемесін арттыру халықтың сатып алу қабілетіне тікелей кері әсер ететінін алға тартты. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге тиімсіз орта қалыптастырып, шағын және орта бизнес санының азаюына әкелуі мүмкін. Ал бизнестің азаюы – салық түсімдерінің азаюына жол ашады.

– Үкімет мұны табысты арттырудың амалы ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ бұл уақытша әрі тактикалық шешім ғана. Шын мәнінде, бұл қадам – өзіңізге оқ атқанмен тең. Мемлекет бизнеске құлақ асуы керек еді. Олар әлдеқашан мұндай шешімнен бас тарту керегін, зияны көп екенін ескерткен, – дейді Сәтпаев.

ЕСЕПТЕУ МЕН ШЫНДЫҚ – ЕКІ БӨЛЕК

Максим Барышевтың пікірінше, үкімет қазіргі таңда бюджет тапшылығын жабу үшін ұлттық қордан қаражат алып, ҚҚС мөлшерлемесін өсіруді көздеп отыр. Бұл жолмен бюджетке қосымша 5-7 триллион теңге тартуға болады деп болжауда.

Алайда Барышев бұл тұжырыммен келіспейді.

– Қарапайым математикалық есепке жүгінсек: қазіргі 12% мөлшерлемемен 5 трлн теңге жиналса, мөлшерлеме 30%-ға өскенде, салық түсімі бар болғаны 1,5 трлн теңгеге ғана артады – 6,5 трлн болады. Бірақ сұраныс пен бағаның байланысын – яғни «эластикалығын» да ескеру керек. Баға артса, тауар тұтыну азаяды. Соның кесірінен салық түсімі азайып кетуі әбден мүмкін. Мұны да есепке алған жөн, – дейді ол.

ҚЫСҚАМЕРЗІМДІ ШЕШІМ

Сарапшылардың айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру арқылы бюджет табысын көбейту – қысқа мерзімді шешім ғана. Ұзақ мерзімді перспективада бұл қадам экономиканың баяулауына, бизнестің көлеңкеге кетуіне және халықтың табысының төмендеуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан, мұндай шешім қабылдамас бұрын оның салдарын жан-жақты саралау қажет.

САЛЫҚ КОДЕКСІ

Еске салайық, Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар Салық кодексі жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Атап айтқанда, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі 16% болады. ҚҚС салынатын шек – 40 млн теңге. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология салалары ҚҚС төлеуден босатылады.

Әлеуметтік сала мен денсаулық сақтау саласында ҚҚС-тан босатылатын дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін Үкімет белгілейді. Тек ақылы медициналық қызметтерге ҚҚС 10% мөлшерлемесімен салынады. Әлеуметтік салада корпоративтік табыс салығы (КТС) 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10% болады.