1 миллион баррель қазақстандық мұнай тиелген танкер антиресейлік санкциялар енгізілгеннен кейін Сербиядағы мұнай өңдеу зауытына жеткізілмеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗАУЫТҚА ЖЕТПЕЙ ҚАЛДЫ
АҚШ қазан айының басында Сербияның NIS компаниясына қарсы санкциялар енгізді. Бұл шектеулердің салдарынан Сербиядағы жалғыз мұнай өңдеу зауытының жұмысы қауіпке ұшырады. Нәтижесінде, шикі мұнай тиелген танкер аталған зауытқа жетпей қалды.
НЕ ЖАҒДАЙ БОЛДЫ
Reuters агенттігінің мәліметінше, NIS компаниясына арналған KEBCO маркалы 1 миллион баррель қазақстандық мұнайды Maran Helios танкері тасымалдаған. Кеме 9 қазанда Хорватияның Омишаль портына келген. Кейін хорватиялық мұнай құбыры операторы Janaf сербиялық зауытқа жоспарланған барлық мұнай жеткізілгенін мәлімдеді. Алайда NIS өкілдері қазақстандық мұнай партиясы оларға жетпегенін алға тартады.
БҰҒАН ДЕЙІН
23 қазанда Еуропалық одақ елдері Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетін бекітті. Бұл тізімге Қазақстандағы бір банк те енді.