Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы сотта не үшін жауап беріп жатыр

Сымбат Сатыбалдина
Фото: Жоғарғы сот

Астанада Куандық Бишімбаевтың ата-анасы – Уәлихан Бишімбаев пен Әлмира Нұрлыбекова – Қайрат Кемеловке (туысының күйеуі) қарсы ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы азаматтық шағым түсіріп, істі елорданың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДАУДЫҢ БАСЫ – 1 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

2024 жылдың қаңтарында ақпарат құралдары Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекованың туысы Бекзат Кемеловаға қарсы қылмыстық іс қозғауды сұрағанын хабарлады. Айтуынша, Кемелова Нұрлыбековадан заңсыз жолмен 1 миллион доллар алып, оны қайтарудан бас тартқан.

Ал Кемелованың күйеуі, сот-медициналық сарапшы Қайрат Кемелов бұл әрекетті Нұрлыбекованың кек алу амалы деп бағалайды. Оның айтуынша, Нұрлыбекова Кемеловтен Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сараптама нәтижелеріне ықпал етуді сұраған, бірақ ол одан бас тартқан.

АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ

Бишімбаевтар отбасының адвокаты Ерлан Ғазымжанов NEGE басылымына берген сұхбатында оқиғаның өз нұсқасын айтып берді.

– Тергеу амалдары кезінде Бекзат Кемелова Бишімбаевтардың үйіне келіп: «Менің күйеуім Антикорда жұмыс істейтін жездемнен естідім – туыстарыңыздың үйінде тінту жүргізілмек. Тізімде 30 адам бар, біз ғана жоқпыз. Егер үйде бағалы заттар мен ақшалар болса, оларды алып кетуі мүмкін. Одан да маған тапсырыңыздар, уақытша сақтап беремін» деді. Ең қызығы – бұл әрекеті жайлы күйеуіне тіпті айтпаған сияқты. Сол кезде БАҚ-та "Бишімбаевтардың барлық ақшасы тексерілсін! Конфискация жасалсын!" деген мазмұндағы материалдар шыға бастады. Артынша Нүкенованың әкесі Президентке ашық хат жолдап, «Олардың ақшасын қайдан тапты – бәрін тексеру керек!» деп талап қойды. Осындай қысым жағдайында Әлмира Нұрлыбекова алғашқыда күмәнданғанымен, ақыры сеніп, 1 миллион долларын Кемеловаға тапсырады. Мүмкін, доллар өсе қалса, жинағының бір бөлігін сақтап қалармын деген ойда болған шығар, – деді адвокат.

АҚША ҚАЙТПАДЫ, ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Нәтижесінде, Бишімбаевтардың үйінде ешқандай тінту болмаған. Ал Куандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан соң, анасы Кемеловадан ақшаны қайтаруды сұраған. Бірақ ол талапты орындамаған. Осы себепті бұл оқиға жаңа тергеуге себеп болды.

БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске салайық, 2023 жылғы 13 мамырда экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын аса жоғары қауіпсіздік режиміндегі қылмыстық-атқару мекемесінде өтеп жатыр.