Елде Оңтүстік пен Батысты дамытуға арналған бағдарлама әзірленеді

Ulysmedia

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерін дамытуға арналған әлеуметтік және бизнес бағдарламасын қайта қарауды жүктеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Соның салдарынан кейбір өңірлерде әлеуметтік олқылықтар байқалады. Соңғы күндері болған елдегі жағдай батыс және оңтүстік өңір халқын еңбекпен қамту деңгейінің төмендігін көрсетті. Аталған өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан да батыс және оңтүстік облыстардың әлеуметтік проблемасы өңірлік емес ұлттық мәселе болып отыр. Әлеуметтен бөлек, денсаулық сақтау, білім мен мәдениетті де ұмытпау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуына қарағанда білімді ұлт кез келген бәсекелестікке төтеп бере алады.

«Осы орайда Үкіметке еліміздің оңтүстік және батыс өңірлері үшін «Ауыл – ел бесігі», бизнестің жол картасы және тағы сол сияқты жеке бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жалпы өңірлердің дамуы мен қолдау әкімдерге байланысты», - дейді ол.