Мамырда ауа райы қандай болады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

«Қазгидромет» синоптиктері мамыр айына арналған Қазақстандағы ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мамыр айында Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1°С-қа жоғары болады деп күтілуде. Шығыс Қазақстан облысында, Алматы облысының оңтүстік-шығыс жартысында, сондай-ақ Жетісу мен Абай облыстарында температура нормамен шамалас болады.

Мамырдағы жауын-шашын мөлшері республиканың көп өңірлерінде нормадан төмен болады деп болжанады. Ал еліміздің солтүстік-батыс, солтүстік аймақтарында, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының оңтүстігінде, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу мен Абай облыстарының оңтүстік-шығысында жауын-шашын мөлшері нормаға жуық жауады.

Мамырдың бірінші онкүндігінде жаңбыр, найзағай, екпінді жел күтіледі. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-батысында шаңды дауылдар болуы мүмкін. Тек кей күндері республика бойынша аз бұлтты, жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Температура мынадай диапазонда болады деп болжанады:

  • Батыс өңірде түнде +4…+9°С-тан +9…+14°С-қа дейін, күндіз +15…+20°С-тан +22…+30°С-қа дейін;
  • Оңтүстік-батыста түнде +10…+15°С-тан +12…+20°С-қа дейін, күндіз +20…+25°С-тан +25…+33°С-қа дейін;
  • Солтүстік-батыс, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнде 0…+5°С, кей жерлерде 1–6°С үсік, кейін +8…+15°С-қа дейін, күндіз +10…+18°С-тан +23…+30°С-қа дейін;
  • Елдің оңтүстік жартысында ауа температурасы біртіндеп жоғарылап, түнде +5…+12°С-тан +15…+20°С-қа, күндіз +18…+25°С-тан +28…+35°С-қа дейін жетеді.

Мамырдың екінші және үшінші онкүндіктерінде елдің көп бөлігінде түнгі температура +2…+7°С-тан +10…+15°С-қа дейін, күндіз +10…+15°С-тан +25…+30°С-қа дейін ауытқиды. Суық антициклонның өтуіне байланысты кейбір күндері түнгі уақытта 1–6°С-қа дейін үсік жүруі мүмкін.

Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы +28…+36°С-қа дейін көтеріледі, алайда мұндай ыстық күндер ауысып, температура +20…+25°С-қа дейін төмендейтін салқын күндермен алмасуы мүмкін. Арктикалық ауа массаларының енуіне байланысты топырақ бетінде 2°С-қа дейін үсік жүру ықтималдығы бар.