Астанада мәдениет және спорт вице-министрі мен продюсерлік компания директорының сотында олардың адвокаттары сарапшының есебін қайта тексеріп, сотқа өз тұжырымдарын ұсынды. Адвокаттар шығынды есептеген маманды "екіге оқыған адам" деп атап, мұндай маңызды есепті оған сеніп тапсыруға болмайды деп есептейді. Ulysmedia.kz бұл резонанстық істі бақылап отыр.
ЖАҢА ЕСЕПТЕР
5 мамырда Ерлан Қожағапанов пен Ляззат Көккөзоваға қатысты сот процесінде тараптардың жарыссөзі өтуі тиіс болатын. Алайда адвокаттар сарапшы Азат Ержановтың қорытындысын қарауды жалғастыруды талап етті.
Сол уақытта Азат Ержанов өз бастамасымен қосымша есептер дайындап, оларды сотқа ұсынған. Бұл құжаттар іс материалдарына тіркеліп үлгерді.
— Құрметті сот, бұл қосымша есептерді дайындау туралы өтінішті прокурор да, сот та берген жоқ. Онда “қылмыстық іске қатысы жоқ сарапшы өз бастамасымен қандай негізге сүйеніп дәлел ұсынуда?” деген сұрақ туындайды. Бұл заңда көрсетілмеген норма. Маған біреу түсіндіріп бере ала ма? — деп наразылық білдірді қорғаушылардың бірі.
Прокурордың айтуынша, жаңа есептердің пайда болуына бұған дейінгі сараптама қорытындысына айтылған сын себеп болған. Сарапшы жаңартылған қорытындыны сотқа е-otinish жүйесі арқылы жолдаған, сол себепті ол бірден іс материалдарына тіркелген.
АДВОКАТТАР САРАПШЫМЕН КЕЛІСПЕЙДІ
Айыпталушылардың адвокаттары сарапшының ұстанымымен келіспейтіндерін ашық айтты.
– Кез келген адамның құжатын оқысаң, оның қалай оқығаны, ойлау және талдау қабілеті бірден көрінеді. Ержанов — екіге оқыған адам. Қаласа, жоққа шығарсын, бірақ ол өмір бойы екіге оқыған, – деп мемлекеттік бағалаушының біліктілігіне күмән келтірді адвокат Мәкіш Ескараев.
Ол бұл пікірін сарапшы Азат Ержановтың есептеріндегі сәйкессіздіктермен негіздеді.
– Ол 12 адамға арналған қонақүй шығынын есептеген. Жақсы. Бірақ бұл адамдар Мәскеуден ұшып келуі керек еді. Бұл шығын есепке алынбаған. Енді мынаны қарау керек: 2018 жылы Мәскеуден Петропавлға тікелей рейс болған ба? Болмаған. Демек, олар алдымен Астанаға келіп, одан кейін Петропавлға көлікпен жеткізілуі тиіс болған. Бұл – есепке алынуы керек шығындар, – деді қорғаушы.
Ляззат Көккөзованың адвокаты сот тағайындаған бағалаушының есебін Астана қаласының бағалаушылар палатасына жолдаған. Ондағы мамандар да Ержановтың есебінен қателер тапқан. Осыған байланысты, Ескараевтың айтуынша, сарапшының өз қорытындысын қорғауға жеке мүддесі туындап отыр.
– 28 сәуірде ол өз бағалау есебін ұсынды. Мен осы есепке сараптамалық баға беру үшін сұраныс жасадым, нәтижесінде теріс қорытынды алдым. Енді «Бағалау қызметі туралы» заңның 11-бабы, 3-бөлігіне сәйкес, ол маған қарыз. Мен бағалаушылар палатасына сараптамалық зерттеу үшін 2 миллион теңге төледім. Яғни, бізде қаржылай міндеттеме бар. Осы себеппен мен оған қарсылық білдіремін, құрметті сот, – деді адвокат.
Сотта басқа да адвокаттар сөз сөйлеп, өзге агенттіктердің дәл осындай қызметтеріне қатысты сметалық есептерді мысал ретінде келтірді. Бұл мәліметтерге сәйкес, Көккөзова мен Қожағапанов 2018 жылы Петропавлда форум өткізген кезде басқа ивент-агенттіктер ұсынған бағалармен салыстырғанда бюджет қаражатын үнемдеген.
– Айыптау "шығын шамадан тыс көбейтілген" деген тұжырымға негізделіп отыр. Бірақ шын мәнінде олай емес – SUCCESS K компаниясының түпкілікті сметасынан да жоғары баға көрсетілген өзге компаниялардың коммерциялық ұсыныстары бар, – деді адвокат Мәкіш Ескараев.
Осыған байланысты адвокаттар Көккөзова мен Қожағапановтың кінәсін дәлелдейтін айғақ ретінде сарапшының қорытындысын елемеуді сұрап отыр.
– Бұл қорытынды е-otinish жүйесі арқылы жолданғандықтан және тергеу барысында бұл заңнаманың қолданысы туралы қарсылықтар келтірілмегендіктен, сот бұл мәселені кеңесу бөлмесінде қарайды. Сарапшыға қарсылық білдіру туралы өтінішке келсек, оны біз 22 сәуірде іске тарттық, сол кезде ешкім қарсылық білдірген жоқ. Сондықтан бұл өтініш қабылданбайды. Ал қорытынды қазірдің өзінде іс материалдарына тіркелген, ол сіздердің пікірлеріңізді ескере отырып қаралады, – деп түйіндеді судья.
Қысқа үзілістен кейін судья Ержановтың сараптамалық қорытындысы іс материалдарының құрамында қалатынын, ал сарапшыға қарсылық білдіру туралы адвокаттардың өтініші қабылданбағанын мәлімдеді.
Түскі үзілістен кейін атышулы іс бойынша тараптардың жарыссөзі басталады.
Осыдан соң сот Назарбаев пен Путиннің кездесуі аясында жұмсалған, бірақ негізсіз жұмсалған миллиард теңгеге қатысты іске нүкте қоюы тиіс.