Прокурор Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановты жеті жыл бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астанада Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша сот тергеуі аяқталды. Сот жарыссөздері барысында прокурор айыпталушыны жеті жылға соттауды ұсынды. Сондай-ақ ол соттан Қожағапановты мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтарынан айыру жөнінде президентке ұсыныс енгізуді өтінеді.
ҚОЖАҒАПАНОВТЫҢ СОТЫ
Еске салайық, биыл 7 сәуір күнгі отырыс бірқатар адвокаттық өтініштермен және Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға кеткен шығындарға қатысты дау-дамаймен өткен еді. Мұның алдындағы сот отырыстарында Қожағапанов Антикорға шүйлікті. Ол агенттік басшылығындағы адамдардың бірі басқа бап бойынша айыптап жатқанын, ол бойынша 12 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін айтып, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқанын айтты. Сонымен қатар, Ерлан Қожағапановқа қатысты сот отырысында тағы бір айыпталушы - Ляззат Көккөзова мәлімдеме жасады.
ҚОЖАҒАПАНОВ НЕ ҮШІН ҰСТАЛДЫ
Қожағапов былтыр наурызда ұсталғанын антикор хабарлаған еді. Ресми ақпарат бойынша, ол коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет ете отырып, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған. “Бұл ретте форумды өткізу үшін смета екі есе өсті, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеліп соқты” деген сол тұста антикор.