Миллиардтап ақша құйғысы келген: ірі инвестордың Қазақстаннан көңілі қалған

Сымбат Сатыбалдина
Фото: Pexels.com

Қазақстанға бірнеше миллиард теңге көлемінде инвестиция құюды жоспарлаған жапондық инвестор елден кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы заңгер Бауыржан Сералин жазды. 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Заңгердің айтуынша, жапондық кәсіпкер Қазақстанда 3–5 дүкен ашқан. Болашақта 30-ға дейін сауда нүктесін іске қосу жоспарда болған. Алайда заңсыздықтарға байланысты инвестор елден кетіп қалуға мәжбүр болған.

– Оларды біз бір жылдан аз уақыттан бері сүйемелдедік. Жапон инвесторына қатысты мәселелер Қазақстандағы серіктестері мен қызметкерлерінен шықты. Алғашқы бухгалтер қаражаттың бір бөлігін алып кеткен, ал менеджер кеңсе орнына жай ғана пәтер жалдап, олар сол жерде бірнеше ай отыруға мәжбүр болған. Кейін қоймада өрт шығып, ірі шығынға ұшырады. Тергеу ұзаққа созылып жатыр, кінәлі адам әлі анықталмады, сондықтан залалды өндіріп алу мүмкін болмай тұр, дейді заңгер.

Қызметкерлер тарапынан бірнеше еңбек дауы болды, олардың кейбірі қызметтік өкілеттігін қасақана асыра пайдаланған.

- Ақыр соңында, олар үлкен шығынмен Қазақстаннан толық кетіп, қайтып келмейтінін мәлімдеді. Ал оларда үлкен жоспарлар болған, бірнеше миллиард теңге инвестиция салмақ еді. Енді қазір олармен "Zoom" арқылы сөйлесіп отырмын, елім үшін ұялып отырмын. Тағы бір инвестор Қазақстаннан көңілі қалып кетті, – деп жазды Сералин Threads желісінде.