Дональд Трамп әкімшілігі Катар корольдік әулетінен «суперлюкс» санатындағы Boeing 747-8 ұшағын сыйлық ретінде қабылдауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ABC News-ке сілтеме жасап.
Дональд Трамп бұл ұшақты АҚШ президенті қызметінен кеткенге дейін өзінің жаңа Air Force One борты ретінде пайдалана алады. Одан кейін әуе кемесіне меншік құқығы Трамп кітапханасының қорына өтеді.
Алдымен ұшақ АҚШ әуе күштеріне беріледі, олар 13 жылдық лайнерді президентті тасымалдауға арналған кез келген әуе кемесіне қойылатын әскери талаптарға сай етіп қайта жабдықтайды.
Әуе саласындағы сарапшылардың бағалауынша, ұшақтың құны шамамен 400 миллион долларды құрайды.
«Бұл АҚШ-қа шетелдік үкімет тарапынан берілген ең қымбат сыйлық болар», — деп жазды журналистер.
Бұл сыйлық туралы ресми хабар осы аптада, АҚШ президенті өзінің алғашқы шетелдік сапары аясында Катарға барған кезде жарияланады деген тұспал бар. Айта кетейік, Трамп бұл әуе кемесін ақпан айында Уэст-Палм-Бич әуежайына қонғанда өз көзімен көріп үлгерген.