Қазақстанның су ресурстары және ирригациялар министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстан барлық мемлекеттермен биыл өзен суларын қабылдап, жіберу бойынша келісімді бекітіп қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НҰРЖІГІТОВ НЕ ДЕЙДІ
Биыл барлық бассейндер бойынша келіссөздер жүргізілді. Барлық тарап бойынша біздің хаттамамыз бар. Қазақстанға тиесілі қанша су келуі керек? Бәрімен келісіп қойдық, – деді Ulysmedia.kz тілшісіне берген жауабында Нұржігітов мәжіліс кулуарында.
“Келісілген, бекітілген суды жібермей, қуаңшылық туындайтындай қауіп жоқ па?” деген сұраққа ол арнайы комиссия барын айтады.
Келісімдерге бәріміз қол қоямыз. Ендеше, ол келісім қалайша орындалмайды? Мысалы 2024 жылғы келісімдер 100 пайыз орындалды. Іле өзені бойынша Балқашқа 4,5 млрд куб су келді. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 млрд кубтан астам су жетті. Талас пен Шу өзені бойынша біз келіскен судан артық су келіп жатыр. Сондықтан, келісім орындалмайды деп айта алмаймыз. Ондай болжамды бүгінгі таңда көріп тұрған жоқпыз. Бірақ әлі де алдымызда өте үлкен жұмыстар тұр, – деді ол.
Үндістан мен Пәкістанның қақтығысы Үндістан тарапының өзен суын тоқтатып тастауынан үдеді. Орталық Азияда да 2040 жылға қарай үлкен су тапшылығы келуі мүмкін екені айтылады. “Қазақстан да су үшін алдағы жылдары көрші елдермен келіспей қалатындай жағдай туындауы мүмкін бе? Мұның алдын алу үшін не істеп жатырсыздар?” деген сұраққа министр “бүгінгі таңда суды бөлу үшін барлық мемлекеттермен арнайы келісімшарттар бар. Жаңа мен айтқандай, жылына біз өте көп кездесеміз. Сол кездесулерде мәселенің бәрін талқылаймыз. Қанша су бар – сол суды бөлеміз. Сондықтан, тек келіссөздердің арқасында сіз көтеріп жатқан проблемаларды шешуге болады” деп жауап берді.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ МӘСЕЛЕСІ
Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда, өзен суларының жетіспеушілігі – аймақтық деңгейдегі өзекті мәселе. Аймақтың негізгі су көздері Әмудария мен Сырдария өзендері, олардың ағысы таулы аймақтардан басталып, төменгі ағысында орналасқан Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан сияқты елдерге су жеткізеді. Бұл өзендерге тәуелді халық саны мен ауыл шаруашылығының көлемі жыл санап артып келеді, ал климаттың өзгеруі су қорларын азайтып барады.
Қазақстанда су тапшылығы мәселесі әсіресе оңтүстік өңірлерде (Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары) және Арал теңізінің бассейнінде қатты сезіледі. Жайық өзенінің деңгейі де жыл сайын төмендеп барады, бұл экологиялық және экономикалық салдарға апарып соғуы мүмкін. Ірі өзендердің трансшекаралық сипаты – басты күрделі фактор, себебі әр ел су ресурстарын өз мүддесіне қарай пайдалануға тырысады.
Су ресурстарының жетіспеушілігі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Суармалы жерлердің өнімділігі төмендейді, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі туындайды, ал экологиялық жүйелер (мысалы, Арал теңізі) құрғақшылыққа тап болады.