Соңғы уақытта Қазақстан азаматтарын Грузияға кіргізбеу жағдайлары жиілеп барады. Көбіне нақты себеп те айтылмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстандық Нұргүл Ибрагимова өткен жылы Грузияға баруға тырысқан. Алайда ол және құрбысы ел аумағына кіре алмаған.
Нұргүлдің айтуынша, төлқұжаттық бақылаудан өткеннен кейін оларды жеке бөлмеге шақырған. Онда шекара қызметінің өкілдері сапардың мақсатын, қонақүйге бронь бар-жоғын, қай көрнекті жерлерге бармақ ниеті бар екенін және өздерімен қанша ақша алып жүргенін сұрастырған.
Оның айтуынша, олар барлық сұраққа жауап берген. Алайда Нұргүл бұл "тексерудің" өте дөрекі түрде жүргізілгенін алға тартты. Қыздардың төлқұжаттары мен телефондарын тартып алған.
- Мен “неге бізбен бұлай сөйлесіп жатырсыздар?” деп сұрадым. Олар: “Бұл – біздің ел” деп жауап берді. “Барлық құжаттарды көрсеткеннен кейін “елге кіруге тыйым салынды, сіздер депортацияланасыздар” деді. Мен шок болдым! Бізді басқа бөлмеге апарып, түрмедегідей ұстады. Шынымды айтсам, өмірімде мұндай жағдайға тап болмаппын. Өте сұмдық қарым-қатынас болды. Біз заң туралы сөз қозғасақ, олар: “No Russian” деп жауап береді. Бірақ өзі тергеуді орысша жүргізіп отыр, – деді Нұргүл YouTube-тегі "Sova – всё о Грузии" арнасына берген сұхбатында.
Нұргүлдің сөзінше, оларды әуежайда таңға дейін ұстаған, кейін Әзірбайжанға депортациялаған. Құжаттарын тек Бакуге қонған соң қайтарып берген.