Америкалықтар 20 жыл бұрын асырап алған бес қазақ қызы елге келді

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Қазақстандық қыздарды асырап алған америкалық отбасының мүшелері Астанаға ұшып келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

20 жыл бұрын олар Калифорнияға бір ұшақпен аттанған 25 баланың қатарында болған.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қыздар елге асырап алған анасы Шеронмен бірге келді. «Хабар» арнасының мәліметінше, америкалық әйел Қазақстаннан бес қызды асырап алған.

Сапарды журналист Гүлмира Дайрабаева ұйымдастырған. Оның айтуынша, осы 20 жыл ішінде қыздарды не туған анасы, не Қазақстан дипломаттары іздемеген.

– 2021 жылы алғаш рет Шеронның отбасымен таныстым. Оның өзінің туған екі ұлы бар, ал 2005 жылы Қарағандыдағы балалар үйінен бес қазақ қызын асырап алған. Бірақ осы уақыт ішінде оларды ел де, елшілік те, консулдық та, туған анасы да іздемеген. Қыздардың есінде тек балалар үйіндегі кезең қалған. Мен олардың 20 жылдан кейін қазіргі Астананы, бүгінгі Қазақстанды, оның қалай дамып жатқанын көргенін қатты қаладым, – дейді Дайрабаева.

БҰҒАН ДЕЙІН

Өткен жылы Сенат депутаттары шетелдік азаматтар асырап алған қазақстандық балалар туралы ақпарат тапшылығы мәселесін көтерген еді. Шамамен 250 баланың тағдыры белгісіз. Олар АҚШ, Бельгия және тіпті Оңтүстік Африка елдеріне асырап алушыларға берілген.