Ресейдің империалистік пиғылына қарсы тұруға дайын болуымыз керек — Польшаның Қазақстандағы елшісі

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Польша Республикасының Конституциясы күніне орай Қазақстандағы елшілігі іс-шара өткізді. Жиында Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Михал Лабенда сөз сөйлеп, екі елдің қарым-қатынасы нығайып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Жиынға Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, дипломаттар, әртүрлі елдің елшіліктерінің өкілдері мен журналистер қатысты.

«Польшаның Конституциясының қабылданғанына 234 жыл өтті. Бүгінгі таңда Польша демократиялық, мықты, танылған әрі бай мемлекет. Бірақ қауіп қайдан келсе, сақтық содан деген қағиданы ескере отырып, біз бейбітшілікті қорғауға, соның ішінде Ресейдің империалистік пиғылына қарсы тұруға әрдайым дайын болуымыз керек, - деді ол.

Михал Лабенда Польша мемлекетінің өкілі ретінде Қазақстандағы қызметін зор құрмет ретінде қабылдайтынын айтты. Екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстардың жан-жақты нығайғанына қуанатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл достықты Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің келесі аптада Польшаға ресми сапары бекемдей түспек.

«Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда тіпті БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі де халықаралық құқықтық аяққа таптап жатқан сәтте сенімді серіктес, адал дос табу баға жетпес құндылық. Ақылы көпті дау, досы көпті жау алмайтынын бәріміз білеміз. 5 мамырда Польша туы және шетелде тұратын поляктардың күнін атап өттік. Осы мерекелік күн аясында Қазақстандағы поляк диаспорасының белсенді өкілдеріне поляк тілі мен мәдениетін дамытуға үлес қосқан көп жылдық еңбектері үшін Польша премьер-министрі Дональд Тусктың атынан арнайы медальдар тапсыру мәртебесі маған бұйырғанына ерекше қуаныштымын», - деді Михал Лабенда.

Жыл сайын мамырда Польшада Конституция күні ұлттық мереке ретінде аталып өтеді. Елде 1791 жылы 3 мамырда Достастық Конституциясының қабылданған. Бұл – Еуропадағы алғашқы Конституция. Елдің Конституциясы 1990 жылы қайта жанданған.

Ұлыстың алаңында бұған дейін Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Михал Лабенда мырзамен тағы бір үлкен сұқбат жазу мүмкіндігі туған еді. Әңгіме 9 мамыр - Жеңіс күніне деген көзқарастардың әр елде қалай қалыптасқаны туралы болды. Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар.