Қазақстанда бала туу көрсеткіші рекордтық деңгейде төмендеп кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қаңтар-наурыз айлары аралығында Қазақстанда бар болғаны 77,3 мың бала өмірге келген. Бұл өткен жылдағы осы кезеңмен салыстырғанда 16%-ға аз, әрі 2014 жылдың І тоқсанынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
МАУСЫМДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР
Туу көрсеткішінде маусымдық өзгерістер байқалады: жыл сайынғы ең жоғары көрсеткіштер, әдетте, үшінші тоқсанда тіркеледі. Әсіресе бұл құбылыс пандемия жылдары — 2020 және 2021 жылдары — ерекше көзге түскен. Ал ең төменгі көрсеткіштер, керісінше, көбіне жылдың алғашқы үш айына тән. Соған қарамастан, соңғы 11 жылда тірі туған сәбилер саны ешқашан 90 мыңнан төмен түспеген еді.
ӨҢІРЛЕР
2024 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда туу көрсеткішінің төмендеуі елдің барлық 20 өңірінде байқалған. Бұл ретте 12 өңірде төмендеу қарқыны орташа деңгейден жоғары болды. Ең үлкен төмендеу Ақмола облысында (-22%) және Жетісу облысында (-20,1%) тіркелді. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық та көзге түседі: ауылдық жерлерде көрсеткіш -18,1%-ға азайса, қалаларда бұл көрсеткіш -14,2%-ды құрады.
БАЛА ТУУ ДА, ТАБИҒИ ӨСІМ ДЕ АЗАЙҒАН
Халық санына шаққандағы жалпы туу коэффициенті де төмендеді: 2024 жылдың I тоқсанында бұл көрсеткіш әр 1000 адамға шаққанда 18,33 болса, 2025 жылы 15,39-ға дейін азайды.
ӨЛІМ-ЖІТІМ
Сонымен қатар, туу көрсеткішімен қатар өлім-жітім де азайып жатыр. Алайда бұл үрдіс баяу жүруде: қайтыс болғандар саны 31 мың адамға дейін азайып, жылдық көрсеткіш -7,2 пайыз болды.
Нәтижесінде, табиғи өсім — яғни, туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма — 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 46,3 мың адам болып, 2024 жылмен салыстырғанда 20,7%-ға азайды. Бұл да 2014 жылдан бергі ең төменгі деңгей.