Қылмыстық топқа қатысы болуы мүмкін: Қырғызстан қазақ кәсіпкеріне іздеу жариялады

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандық бизнесмен Ерқанат Жұмабековке іздеу жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Vesti.kg мәліметінше, Жұмабеков Камчы Көлбаев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландырды деген күдікке ілінді.

“БРАТСКИЙ КРУГ” ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОБЫ

Арнайы қызметтің мәліметінше, Қазақстанның ірі кәсіпкерлерінің бірі — Ерқанат Берікбайұлы Жұмабеков “қылмыс әлемінің серкесі” ретінде танылған, халықаралық «Братский круг» қылмыстық ұйымына кірген Камчы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының қызметін қаржыландырғаны анықталған.

- Е.Жұмабеков К.Асанбектің (Камчы Көлбаев) қылмыстық әрекеттері туралы – атап айтқанда, рэкет, кәсіпкерлерден ақша бопсалау және заңсыз төлемдер жинау арқылы жүйелі түрде табыс тауып отырғаны жайлы біле тұра, ТМД елдерінде өзінің бизнес-жобаларына қолдау мен қорғау табу мақсатында Көлбаевпен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар, Е.Жұмабеков қылмыс әлемінің жетекшісімен достық қарым-қатынаста болғаны, Ыстықкөлдегі «Барс» демалыс орнында К.Асанбекпен бірнеше рет кездескені және оның жақын туыстарына Алматыда қаржылық көмек көрсеткені белгілі болды, – делінген ресми хабарламада.

Жиналған материалдар негізінде Бішкектің Октябрь аудандық соты Ерқанат Жұмабековті сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған. Қазіргі уақытта ол іздеуде.

КАМЧЫ КӨЛБАЕВ ДЕГЕН КІМ

Қамшы Көлбаев (Қамшыбек Асанбек) Қырғызстандағы қылмыс әлемінің беделді тұлғаларының бірі болған. Ол Ыстықкөл облысында дүниеге келген және “Коля-қырғыз” лақап атымен танымал. 2011 жылдың маусым айында АҚШ үкіметі оны халықаралық есірткі саудасының негізгі фигураларының бірі ретінде ресми түрде мойындады. 2023 жылдың 4 қазанында Бішкек қаласында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) жүргізген арнайы операция барысында Қамшы Көлбаев қаза тапты. Операция кезінде ол қарулы қарсылық көрсеткендіктен, арнайы жасақ күштері оны атып өлтірді. 

Қамшы Көлбаевтың қылмыстық империясы ауқымды болғаны соншалық, оның активтері миллиард долларға бағаланған. Оның ішінде Қазақстанда да активтері болғаны туралы мәліметтер бар.  Қамшы Көлбаевтың өлімінен кейін Қырғызстан билігі ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресті күшейтіп, оның сыбайластарын жаппай тұтқындау шараларын жүргізді. Бұл оқиға елдегі қылмыстық құрылымдарға қарсы күресте маңызды кезең ретінде бағаланды.