Дәрігерлер Сара Назарбаеваға қатысты ақпаратқа пікір білдірді

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасы президенті іс басқармасының медициналық орталығына қарасты ұлттық госпиталь Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны жайлы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Медициналық мекеме nur.kz сайтына берген жауабында Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Алайда дәрігерлер оның қазіргі жағдайына қатысты нақты мәлімет беруден бас тартты.

- Науқас Қазақстан Республикасы президенті Іс басқармасының медициналық орталығының ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес, науқастың диагнозы мен денсаулығына қатысты мәліметтер дәрігерлік құпия болып табылады, – деп хабарлады мекеме.

Сондай-ақ, ақпарат таратпау туралы шешім науқастың заңмен қорғалатын жеке өміріне құрметпен қарап, емдеу процесіне бөгде араласудың алдын алу мақсатында қабылданғаны атап өтілді. Госпиталь өкілдері қоғамнан бұл жағдайға түсіністікпен қарап, медициналық этика талаптарына құрмет білдіруді сұрады.

ҚАУЕСЕТ

Еске салайық, күні кеше бірнеше қазақстандық БАҚ Сара Назарбаева 85 жасына қараған шағында қайтыс болғанын хабарлаған болатын. Алғашқылардың бірі болып бұл ақпаратты Orda.kz порталының бас редакторы Гүлнара Бажкенова телеграм арнасында хабарлады. 

Артынша Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпаратты өзге де БАҚ-тар мен телеграм арналар хабарлады. 

ФЕЙК

Алайда бұл ақпаратты тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жоққа шығарды.