Шерзат ісі: Күдікті оқиға орнында мылтықты кім бергенін айтты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Бүгінгі сот отырысында сотталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынды. Оның сөзінше, оқиға болған күні мылтықты күдіктілердің бірі Нұрқияс Ілиясов берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АЙЫПТАЛУШЫ НЕ ДЕЙДІ

Бұған дейін сотта берген жауабында күдікті Нұрбол Тоқтаубаев мылтықты Нұрқанат Ғайыпбаев алып келіп, атқанын, одан мылтықты кімнің тартып алғанын көрмегенін айтқан. 

– Мылтық атылған кезде шошып кеттім де Шыңғыстың көлігінің артына барып тығылдым. Сол жерде туған ағам (Нұрбол Тоқтаубаев) жүрді. Атып тастамасын деп қолынан ұстап алдым. Ғайыпбаевтың екінші оқты оқтап жатқанын мен көрдім. Екінші оқты аспанға атты. Бірінші оқты ет сататын дүңгіршекке қарай атты. Менің артымнан өтті оқ. Мен оны сездім. Сол кезде балалар Шота Руставели көшесіне қарай жүгіріп кетті. Сол төбелес жаққа қарай бара жаттым. Аяғымның астынан телефон ілінді... Содан төрт метр жүргенімде алдымнан Нұрқияс Ілиясов шықты. Қолында қаруы бар. Сөйтіп қаруды маған ұстатты да, кеттік, кеттік деді, – деді Азамат Тоқтаубаев.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бүгінгі сот отырысында сотталушылар Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевтың қорғаушысы істе оларды күдікті деп тану қаулысы жоғын алға тартып, істі қайта тергеуге жіберуді сұрап, өтінішхат түсірді

Айыпталушы прокурор өтінішті қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Олар іс бойынша күдіктілердің барлығы күдікті ретінде танылғанын алға тартты. Судья Ержан Жанұзақов өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА КҮНГІ ВИДЕО

Сонымен қатар, айыпталушы Дархан Әскентай оқиға болған күні түсірілген видеоға қатысты жауап берді. Ол сол күні дүкенге сыра алуға барғанын, төбелеске қатыспағанын айтты. Керсінше, жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаевты Абзал Шынасыл мен Нұрбол Тоқтаубаевтан арашаладым деді. Сол уақытта Әскентайдың өзі бірнеше рет соққы алған. Оны Шынасыл ұрып жіберген. 

Сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты қорғауындағы адамның фотосы желіде тарап кеткеніне шағым түсірді. Судья 4 сотталушы ғана түрін көрсетпеуді сұрағанын, Әскентай фотосын көрсетуге қарсылық білдірмегенін жеткізді. Оны айыпталушының өзі растады.

ЕСКЕРТУ

Cондай-ақ бүгін судья Ержан Жанұзақовтың блогерлер мен сотқа қатысушыларға ескерту жасады. Ол әлеуметтік желіде азаматтар өздерінің жеке субьективті пікірлерін білдіріп, баға беріп жатыр деді. Судья тергеу аяқталып, үкім шығып, заңды күшіне енгенге дейін пікір беруге рұқсат жоғын айтты. Ол сотқа құқықтық баға беру заңсыз екенін ескертті.

Соттың тікелей эфирін Ұлысмедианың YouTube-арнасынан көре аласыздар. 

Автор: Есдәулет Қызырбек