Владимир Зеленский Ыстамбұлда өткен Украина мен Ресей делегацияларының келіссөздерінен кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Зеленский осы аптада соғысты тоқтатуға бағытталған маңызды қадамдар жасау мүмкін болғанын, алайда Ресей президенті Владимир Путин келіссөздерге келмегенін айтты.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Егер Путин Түркияға келуге қорықпағанда… Мен кеше Анкарада болдым – президент Ердоғанға қабылдағаны мен қолдауы үшін алғыс білдіремін – және Анкарада не Ыстамбұлда Путинмен тікелей кездесуге, жай ғана кездесуге емес, барлық маңызды мәселелерді шешуге дайын болдым. Бірақ ол ешнәрсеге келіспеді. Путинді айтып отырмын. Ыстамбұлға келген Ресей делегациясының деңгейі өте төмен екені анық. Оның құрамында Ресейде нақты шешім қабылдай алатын бірде-бір адам жоқ. Соған қарамастан, біздің делегацияны, қорғаныс министрінің басшылығымен, Ыстамбұлға ең құрығанда, сол ресейліктердің бірдеңе шешуге қауқары бар ма, жоқ па, соны анықтау үшін жібердім, – деп жазды Зеленский.
Зеленский Украина соғысты тоқтату үшін барлық “шынайы қадамды” жасауға дайын екенін де айтты.
Еске салайық, 16 мамыр күні Ыстамбұлда украиналық және ресейлік шенеуніктер арасында келіссөздер өтті. The Economist дерегінше, Ресей тарапы Украинадан әскерін Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының бүкіл аумағынан толық шығаруды талап еткен. Сондай-ақ келіссөздер барысында Киевке тікелей қауіп-қатер айтылғаны хабарланды.