Ұлттық банк қыркүйек айында теңге бағамының нығаюына әсер еткен факторларды түсіндірді. Реттеуші валюта нарығына интервенция жүргізбеген. Ал жоспарланған валюта сатып алуды нарықтағы доллар ұсынысының көп болуына байланысты кейінге қалдырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ай қорытындысы бойынша теңге 4,6%-ға нығайып, бір доллардың бағамы 440,49 теңгеге дейін түсті. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 415 миллион доллардан 474 миллион долларға дейін өсті. Ал бір айдағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 10,4 миллиард доллар болды.
Неліктен валюта сатып алынбады?
Ұлттық банк қыркүйек айында Ұлттық қор операцияларын «айна қағидаты» бойынша жүргізуді бастауды жоспарлаған. Бұл тетік бойынша Ұлттық қордан сатылған валютаның орнын толтыру үшін Ұлттық банк биржадан валюта сатып алады. Қыркүйек айында 200-300 миллион доллар сатып алу жоспарланған.
Алайда валюта нарығында доллар ұсынысы жоғары болғандықтан, Ұлттық банк бұл операцияларды кейінге қалдырды.
– Валюта нарығындағы ұсыныстың артуына байланысты операциялар кейінге қалдырылды. Оларды одан әрі жүргізу нарықтағы жағдайға қарай айқындалады, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Қыркүйек айында Ұлттық қордан биржаға 200 миллион доллар сатылды. Бұл – айдағы жалпы сауда көлемінің 1,9%-ы. Орта есеппен күніне 9,1 миллион доллардан сатылған.
Зейнетақы активтері үшін 1 миллиард долларға жуық валюта сатып алынды
Сонымен қатар Ұлттық банк БЖЗҚ-ның басқарушысы ретінде зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін сақтау мақсатында валюта сатып алды.
Қыркүйек айында 986 миллион долларға валюта сатып алынған. Бұл – биржадағы жалпы сауда көлемінің 9,4%-ы.
Алдағы уақытта валюта сатып алу көлемі нарықтағы жағдайға қарай айқындалады.
Алтын сатып алуға жұмсалған қаражатты реттеу аясында Ұлттық банк шамамен 374 миллиард теңгені айналымнан шығарды.
Төртінші тоқсанда шамамен 907 миллиард теңгеге тең көлемде валюта сату жоспарланып отыр.
Теңге бағамына не әсер етеді?
Ұлттық банктің мәліметінше, алдағы уақытта теңге бағамына нарықтағы ахуал, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтағы жағдай және геосаяси факторлар әсер етеді.
Реттеуші айырбас бағамын қалыптастырудың икемді тәсілін ұстануды жалғастырады.