Құрылыс компаниялары соттала ма? Фельдшердің қазасына қатысты іс прокурорға қайтарылды

Ulysmedia коллажы

Жедел жәрдем қызметінің 23 жастағы қызметкері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс прокурорға қайтарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Мұндай шешімді Астанаың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Меруерт Абаева жәбірленуші тарап өкілінің өтінішін қанағаттандыру арқылы қабылдады.

Қайтыс болған қыздың отбасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков Тәуелсіздік даңғылындағы үйді пайдалануға беруге қатысы бар құрылыс компаниялары мен басқа да тұлғаларға қатысты істің қайта қаралғанын еске салды.

– Құрметті сот, біз үшін шындықтың анықталғаны маңызды. Осы істерді қосып, бір өндіріске біріктіруді сұраймыз. Алдағы уақытта басқа да тұлғаларды, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді және құрылыс компанияларының өкілдерін жауап алуға шақыру туралы өтініш білдіреміз. Бүкіл халық сараптама қорытындыларын көрді. Істерді біріктіріп, әрі қарай процессуалдық әрекеттер жүргізу үшін прокурорға жіберген дұрыс деп есептейміз, – деді адвокат.

Құрылыс технологиясы бұзылған

Сот шешім қабылдау кезінде құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына да сүйенді. Сараптама қорытындысына сәйкес, ғимараттың опырылуына конструкциялық ақаулар мен құрылыс технологиясының бұзылуы себеп болуы мүмкін.

– Бұл істі тек МИБ төрайымы Жұбаниязованың әрекеттерін бағалау арқылы қарауға болмайды. Қолда бар құрылыс-техникалық сараптама қорытындысы ғимараттың опырылуына бірнеше себеп, соның ішінде конструкциялық кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылуы әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді, – делінген сот қаулысында.

Осылайша, сот ғимараттың опырылуына қатысты барлық мән-жайды жан-жақты зерттеп, оқиғаға қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беру қажет деген қорытындыға келді.

– Бұл қаулымен Жұбаниязованың немесе басқа тұлғалардың кінәлі екені анықталған жоқ. Іс өндірістерді біріктіру және болған қайғылы оқиғаның мән-жайын толық тергеу мәселесін шешу үшін прокурорға жіберілді, – деп түсіндірді судья.

Контекст

Оқиғаға биыл бір жылға жуық уақыт өтті. Жедел жәрдем қызметкерлері Астанадағы Тәуелсіздік көшесі, 24Б мекенжайындағы үйге барған. Сол кезде ғимараттың қасбеті мен кондиционердің бір бөлігі өтіп бара жатқан адамдардың үстіне құлап, бірнеше адам жарақат алған. Фельдшер Ұлдана Мырзуан зардап шеккендерге көмектесуге ұмтылған. Алайда дәл сол сәтте қасбеттің бір бөлігі оның үстіне құлап, ол қаза тапқан.

Осы оқиғадан кейін полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша, яғни міндеттеріне адал қарамау фактісімен қылмыстық іс қозғаған. Тергеу жұмыстары 10 айға созылған.