Темірлан Еңсебек тағы да сот алдында жауап береді

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Сатирикалық Qaznews24 жаңалықтар жобасының негізін қалаушы Темірлан Еңсебектің бес жылға бостандығын шектеу туралы үкімге қарсы шағымын апелляциялық инстанция қарамақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

Темірлан Еңсебектің келесі сот отырысы жайлы оның қалыңдығы Мария Кочнева хабарлады. Оның айтуынша, апелляциялық сот отырысы 27 мамырға белгіленген және WhatsApp арқылы онлайн-форматта өтпек.

Кочнева сот процесінің мессенджер арқылы өтуіне наразы болды.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Бұл — қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот! Экстремизм бабымен, 15 түрлі шектеуі бар үкімге қатысты. Тиманың тағдыры шешіледі, ал процесс WhatsApp-та өтеді. Бұл не абсурд!? Бұл 15 тәулікке қамай салатын әкімшілік сот емес қой!, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салайық, 11 сәуір күні Наурызбай аудандық қылмыстық соты Темірлан Еңсебекті ҚР ҚК 174-бабы бойынша (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни араздықты қоздыру) кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған еді.

Қылмыстық істің қозғалуының себебі — ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық жазба болған.