Ақтөбеде жүргізуші мектеп оқушысын аялдама маңында қағып кетті

Сырым Қаржас
Видеодан алынған кадр

Ақтөбеде "Стадион" аялдамасының жанында мектеп оқушысын көлік қағып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Диапазонға" сілтеме жасап.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Басылымның мәліметінше, ұл бала жаяу жүргінші өткеліне жақын жерде жолдан өтіп бара жатқанда, оны Nissan маркалы көлік қағып кеткен.

— Бала қатты ауырсынып, айқайлап жатты, өтіп бара жатқан адамдар алғашқы көмек көрсетті, жақындары да оқиға орнына жетті. Бірнеше минуттан соң полиция мен жедел жәрдем келіп, баланы көлікке отырғызды, — делінген хабарламада.

Оқиға орнына дереу полиция мен медицина қызметкерлері жеткен. Зардап шеккен оқушы жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.

Ulysmedia тілшісі оқиғаның мән-жайын нақтылау үшін тиісті органдарға ресми сауал жолдады.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда екі баланы көлік қағып кеткен еді.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде таралып, қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Кадрларда көлік жүргізушісінің "зебрамен" өтіп бара жатқан екі оқушыны асқан жылдамдықпен қағып кеткені анық көрінеді.