"Росатом" Қазақстанда АЭС салу жөніндегі консорциум құрамына кіреді

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

"Росатом" Қазақстанда АЭС салуға қатысатын консорциумның төрт қатысушысының бірі болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы бас директорының орынбасары Ринат Окасов елдегі алғашқы АЭС жобасын жүзеге асыруға арналған консорциум құру процесі туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, халықаралық бірлестік құру үшін мұқият дайындық пен шетелдік серіктестерді тарту қажет. Окасов бұл саладағы шетелдік және халықаралық жетекші ойыншылармен Қазақстан тарапы белсенді келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті.

Ол жобаға қатысуы мүмкін негізгі серіктестермен өзара әрекеттестік жалғасып жатқанын және соның ішінде "Росатоммен" де жұмыс байланысы сақталып отырғанын айтты.

Сөз соңында Окасов консорциум құрамына "Росатом", Қытайдың CNNC компаниясы, Францияның EDF және Оңтүстік Кореяның KHNP компаниялары кіретінін жеткізді.

– Біздің ойымызша, консорциум дәл осы компаниялардың қатысуымен құрылады. Механизмі әлі анықталған жоқ. Біз оны бас мердігер анықталғаннан кейін бірге нақтылаймыз. Кейін сол компаниямен бірлесіп, жобамызға қатыса алатын шетелдік компанияларды таңдайтын боламыз, – деді Окасов.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін «Росатом» басшысы Алексей Лихачёв «Қазақстанда жақында АЭС салуға дайынбыз» деп мәлімдеген болатын. 

Алексей Лихачёвтің айтуынша, "Росатом" Өзбекстанда шағын АЭС құрылысын бастаған. Алғашқы бетонды биыл құю жоспарланған.

Сондай-ақ, сәуір айында "Росатом" Қырғызстанның энергетика министрлігіне шағын қуатты АЭС салу жобасының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін ұсынды.