Қазақстан АҚШ-қа консулдықты салу үшін жер телімін ресми түрде тапсырды

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

2025 жылы 19 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Алматыдағы жаңа Бас консулдық кешенінің құрылысын салу үшін жер телімін жалға беру жөніндегі ҚР мен АҚШ үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Аталған келісім мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының 74-сессиясына қатысу қорытындысы бойынша берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген. Құжат шеңберінде АҚШ үкіметіне Алматы қаласында консулдық мекеме ғимараттарын салу үшін 70 593 шаршы метр жер учаскесі 49 жыл мерзімге жалға беріледі.

КЕЛІСІМДЕ НЕ ЖАЗЫЛҒАН

Алматы қаласындағы Бас консулдықтың аумағында АҚШ-тың Есірткімен күрес агенттігі, Қазақстан Республикасындағы - сауда министрлігінің өкілдігі кіреді. Оның негізгі міндеті – америкалық компаниялардың қазақстандық нарыққа шығуына жәрдемдесу, сондай-ақ АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту болып саналады.

Келісім бойынша жер учаскесін беру тәртібі мен шарттары нақты белгіленген. Жалға алу мерзімі үшін жалдау ақысы 25 миллион АҚШ долларын құрайды және бұл сома Келісім күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде біржолғы төлеммен төленеді. Сонымен қатар, АҚШ үкіметі жер учаскесі мен консулдық ғимаратқа қатысты барлық салықтар мен басқа да төлемдерден босатылады (жалдау ақысынан басқа).

БАС КОНСУЛДЫҚ АШЫЛАДЫ

Сондай-ақ консулдық ғимараттың құрылысына, оның күтімі мен жөндеуіне, байланыс қызметтері мен электр, газ, су, жылу және басқа да коммуналдық қызметтерге қатысты барлық шығындар АҚШ Үкіметінің есебінен жүзеге асырылады. Консулдықты жабдықтау мен жиһаздау үшін АҚШ Үкіметі импорттайтын барлық материалдар мен тауарлар кедендік төлемдерден, импорт салығынан және рұқсат алуға қатысты талаптардан босатылады. Одан бөлек, тараптар арасындағы келісімге сәйкес, Келісім ратификацияланғаннан кейін АҚШ тарапы Қазақстан Республикасының Хьюстон қаласында Бас консулдық ашуына рұқсат береді.

Сонымен қатар, Келісімді ратификациялау халықаралық серіктестеріміздің елімізге деген сенімін арттырып, Қазақстанның тұрақтылығы мен инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін көрсетеді. Сенаттың тұрақты комитеттері осы заң бойынша оң қорытындыларын берген.

Келісімге былтыр 27 қыркүйекте Нью-Йоркте Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасында қол қойылған.