Еуропалық одақ Сирияға салынған экономикалық санкцияларды ресми түрде алып тастай бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін Брюссель жекелеген шектеулердің күшін тек уақытша тоқтатып келгенімен, оларды толық жоюға кіріспеген еді.
Бұл туралы Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім Сирия халқына қолдау көрсетіп, соғыстан қираған елді қалпына келтіруге бағытталған.
Бүгін біз Сирияға қатысты экономикалық санкцияларымызды алып тастау туралы шешім қабылдадық. Біз сириялықтарға инклюзивті әрі бейбіт жаңа Сирия құруға көмектескіміз келеді, — деп жазды Каллас.
Санкцияларды алып тастау ЕО-ның Сириядағы қақтығысқа қатысты бұрынғы стратегиясын қайта қарау дегенді білдіреді. Бұған дейін бұл саясат ресми Дамаскты оқшаулау мен Башар Асад үкіметіне экономикалық қысым жасауға негізделген болатын.