Шерзат ісі: Сотталушы пышақ ұрғанын мойындады

Есдәулет Қызырбекұлы
Ulysmedia коллаж

Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың сотында негізгі айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алу басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ПЫШАҚТЫ ҰРЫП ЖІБЕРДІМ»

21 мамырдағы сот отырысында Абзал Шынасыл өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірмеді. Бұған дейін сотталушылардың барлығы өздерін түсіруге қарсы болған. Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ ұрғанын мойындады. Сөзінше, төбелес кезінде Ғайыпбаев оларға қарсы мылтық атқан.

Барсам екпетінен жатты. Құймышағы ашық жатыр екен. Содан пышақты екі-үш сантиметр етіп ұстап, жамбасынан ұрып жібердім. Бәрі кеттік-кеттік деді, сосын кетіп қалдық, – деді Абзал Шынасыл.

Абзал Шынасылға  қылмыстық кодекстің “Адам өлтіру”, “Қылмысқа дайындалу және оқталу”, “Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау” айыптары тағылған.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейінгі сот отырыстарында өзге сотталушылар Абзал Шынасылдың қолында пышақ болғанын, оқиғадан кейін сол пышақты сүртіп тұрғанын көргендерін айтқан. Кейбірі Шынасыл төбелес кезінде біреуді екі-үш рет пышақпен ұрып жібергенін айтты деген. Нұрқанат Ғайпбаев сотта көрсетілген видеода тергеу кезінде оқиға болған күні мылтық ұстамағанын, ешкімге оқ атпағанын айтқан. 

Талғар аудандық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің басшысы Медет Әділжан 6 мамырдағы сотта берген жауабында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың оқиға болған күні өзіне және інісі Шерзат Полатқа кімнің пышақ салғанын суретте көрсетіп, айтты деген.

Нақты [жауап алу кезінде] Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзатты Абзал Шынасыл, өзін Азамат Тоқтаубаев пышақтады деп сол кісілердің суреттерін көрсетті, – деген Әділжан.

ТІКЕЛЕЙ ЭФИР

Шерзат Полат ісі бойынша сот залынан тікелей эфирді Ұлысмедианың Youtube-арнасынан көре аласыздар.