Испанияда Украинаның экс-президенті Януковичтің жақтасын атып кетті

Сырым Қаржас
Әлеуметтік желіден

Испанияның Посуэло-де-Аларконе қаласында Виктор Януковичтің бұрынғы кеңесшісі Андрей Портновты өлтіріп кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.

Испаниядағы Посуэло-де-Аларкон қаласында Виктор Януковичтің бұрынғы кеңесшісі Андрей Портновтың өлтірілгенін испандық бірқатар БАҚ пен Reuters құқық қорғау органдары мен түрлі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Бұдан бөлек, Портновтың қаза тапқаны жөніндегі мәліметті «РБК-Украина» басылымына Украина Қауіпсіздік және қорғаныс күштері де растаған.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ БОЛҒАН

Журналистердің жазуынша, Портновқа балаларын мектепке апара жатқан атып кеткен. El Pais газетінің полициядағы дереккөзіне сүйеніп жазуынша, оған шабуыл жасағандар екі не үш адам болған.

El Mundo басылымы нақтылай түскен деректе, оқтың бірі Портновтың мойнына тиіп, ол жерге құлаған соң, оның басына оқ атылғаны жазылған.

ОЛ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Андрей Портнов 1973 жылы Луганск қаласында дүниеге келген. Украинаның мемлекеттік құрылымдарында еңбек жолын 1997 жылы бағалы қағаздар және қор нарығы жөніндегі мемлекеттік комиссиядан бастаған. 2006–2010 жылдары Жоғарғы Рада депутаты болған. Ал 2010 жылы Украина президенті әкімшілігі басшысының орынбасары әрі сот реформасы және сот жүйесі мәселелері жөніндегі бас басқарманың жетекшісі қызметіне тағайындалды.

2014 жылғы ақпанға дейін әкімшілік басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Елден кеткен соң, 2014 жылдан бастап жеке адвокаттық тәжірибемен айналысты, деп жазады РБК.

2015 жылғы 15 қаңтарда Украина ІІМ Портновқа қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану арқылы мүлік иемдену ісі бойынша қылмыстық іздеу жариялаған. Алайда кейінірек оның қайда екенін анықтай алмағандықтан, іздеу тоқтатылған.