Азаматтық авиация академиясына аудит жүргізіледі

Аян Өрібай
Ашық дереккөзден

Биыл тамызда Қазақстанның Азаматтық авиация академиясына аудит жүргізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Олжас Бектеновтің депутаттарға берген жауабында жазылған.

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Үкімет басшысының сөзінше, Азаматтық авиация академиясымен өзара іс-қимыл жасау арқылы оқыту жүйесін жаңғырту жөніндегі шаралар кешені іске асырылады. Қазір Академия ұшқыштарды ұшуға даярлау және инженерліктехникалық оқыту бағдарламаларын Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (EASA) стандарттарына кезең-кезеңімен бейімдеуді жүргізіп жатыр. Академия базасында Еуропалық дайындық стандарттары бойынша заманауи авиациялық оқу орталығын құру жобасы іске асырыла бастаған.

Материалдық-техникалық базаны кеңейту: мамандандырылған оқу әуеайлағын салу, оқу-зертханалық кешенді жаңарту және кеңейту, жаңа тренажерлар сатып алу жоспарланған. Оқу процесіне EASA Part-FCL (ұшқыштар құрамын даярлау) және PART66/147 (инженерлік-техникалық персоналды даярлау) талаптары бойынша модульдер енгізіледі. Бұл жұмыс халықаралық ұйымдармен және бейінді оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылады. Осылайша, жетекші халықаралық авиациялық академиялармен (ENAC, Embry-Riddle, Singapore Aviation Academy және т.б.) әріптестік келісімдер жасалды, оқытушыларды қайта даярлау басталды. EASA-ға берілген өтінім шеңберінде биыл тамыз айында Академияға аудит жүргізу күтілуде, – делінген жауапта.

Осы шараларды іске асыру ұшқыштар мен инженерлік құрамды даярлауды жаңа буын авиатехникасында жұмыс істеудің практикалық дағдыларына баса назар аудара отырып ұйымдастыруға мүмкіндік береді деп есептейді Бектенов. Бұдан бөлек, ИКАО-мен әріптестік шеңберінде перспективалы бағыттар бойынша мамандар даярлауға (озық тәжірибелерді енгізу және отандық нұсқаушылар мен инспекторлардың біліктілігін арттыру) бағдарланған пилотсыз авиация орталығын құру жөніндегі жоба іске асырылып жатыр.