«СССР заңды түрде әлі де өмір сүріп жатыр» – Путиннің кеңесшісі

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Ресей президентінің кеңесшісі Антон Кобяков Санкт-Петербургтегі халықаралық құқық форумында сөйлеген сөзінде КСРО (СССР) «құқықтық тұрғыдан белгілі бір деңгейде әлі де бар» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай пікірді конституциялық құқық саласындағы мамандар, соның ішінде Батыс елдерінің сарапшылары да бұрыннан айтып жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы vedomosti.ru порталына сілтеме жасап.

Кобяковтың айтуынша, мәселе КСРО-ны тарату процедурасы бұзылған.

Егер 1922 жылы кеңестер съезі, яғни халық депутаттарының съезі КСРО-ны құрған болса, ол сол съездің шешімімен таратылуы тиіс еді, – деді ол.

Президент кеңесшісі Беловеж келісімдерінің 1991 жылдың 8 желтоқсанында жасалуы құқықтық тұрғыдан «мүлде түсініксіз» әрекет екенін атап өтті. Бұл құжаттарды кейін РСФСР, УССР және БССР жоғарғы кеңестері ратификациялаған, бірақ Кобяковтың айтуынша, олардың мұндай шешім қабылдауға құзыреті болмаған.

КСРО ресми түрде тиісті процедурамен таратылмаса, онда Украинадағы дағдарысты ішкі процесс ретінде қарастыруға болады деп санайды ол. Оның пікірінше, Кеңес одағының ыдырауына нақты құқықтық баға берілмейінше, қазіргі оқиғаларды түсіну мүмкін емес.

Біз бұл мәселеге құқықтық нүкте қоймайынша, КСРО-ның ыдырауы деген не екенін айқындамайынша, мұндай түйткілдер қайта-қайта туындай береді, – деді Кобяков.

Айта кетейік, 1991 жылдың 26 желтоқсаны – КСРО-ның ресми түрде өмір сүруін тоқтатқан күн. Ресей президенті Владимир Путин бұл оқиғаны XX ғасырдағы “ең ірі геосаяси апат” деп бағалаған. КСРО құрамында болған Қазақстан ең соңғы болып 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған.