Шерзат ісі: Қанды оқиға орнында түсірілген куәлердің видеолары көрсетілді

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

Былтыр Талғарда төбелес кезінде кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы жалғасып жатыр. 22 мамырдағы сот отырысында судья істі зерделеуді жалғастырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ТӘРКІЛЕНГЕН АС ПЫШАҒЫ

Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың тергеу кезінде оқиға орнында берген жауабының видеосы көрсетілді. Онда тергеушілер Қаржаубай Нұрымов және адвокаттарымен бірге «Қамажай» дүкенінен ас пышағын тәркілейді. Видеода пышақтың тұтастай темір, ұшы жоқ, күміс түстес екенін айтады тергеуші.

Сотталушылардың бірі видеода көрсетілген пышақ басқа пышақ деді. судья Ержан Жанұзақов «Бұл жөнінде алдағы уақытта жарыссөзде айта аласыз» деді.

Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың дүкенінен тәркіленген ас пышағы. Видеодан скриншот.

СҮРТІЛГЕН ПЫШАҚ

Бұдан өзге, іс бойынша куә деп танылған Дана Жақсыгелдінің де видеосы көрсетілді. Онда ол оқиға болған күні Абзал Шынасылдың пышақ сүртіп отырғанда дизи құйып бергенін айтады.

Үш жеті дүкеніне тоқтадық. Сол кезде дүкенге Нұрқияс [Ілиясов], Шыңғыс [Белғожаев] және (іс бойынша куә) Элмира кірді. Элмираның дизи алып шыққаны есімде. Сосын ол дизиді капотқа қойды. Сол кезде Абзал Шынасыл еңкейіп, қолымен бір нәрсе сүртіп жатқанын көрдім. Сол кезде маған айтты, дизиді беріп жіберші деді. Сомен мен жарайды деп, дизиді беріп жатқан кезде «құя салшы» деді. Құйып жатқанда ол жер қараңғы болатын. Қолын жуып жатыр екен деп ойладым. Қарап қалсам, пышақтың жүзін көрдім үшкір. Мә, дедім де, дизиді бердім де кетіп қалдым, – дейді Дана Жақсыгелді тергеу кезінде түсірілген видеода.

21 мамырдағы сотта іс бойынша негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл төбелестен кейін саусақ іздерін кетіру үшін пышақты сүрткенін айтқан. Бірақ Шерзат Полатты өлтірмедім, Нұрқанат Ғайыпбаевтың жамбасына пышақ ұрдым деген.

Нұрқанат Ғайыпбаев сотта көрсетілген беттестіру видеосында Шерзат Полатқа пышақ салған Абзал Шынасыл деп айтқан. Сотта жауап алу кезінде сотталушылардың кейбірі төбелестен кейін Шынасыл біреуді пышақпен ұрып жібергенін айтты деген.

Іс бойынша куә Дана Жақсыгелді тергеу кезінде жауап беріп тұр. Видеодан скриншот.

ТАЛҒАРДАҒЫ ТӨБЕЛЕС

16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев жараланған. Кейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың да өзі де өз-өзіне қол салып, қайтыс болды. Бірақ марқұмның туыстары оның өз-өзіне қол салғанына сенбеген.

Оқиғадан кейін 9 адам күдікті деп танылып, қамауға алынған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған.

Күдікті ретінде Абзал ШынасылРавиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған.

Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.