Қазақстаннан белгісіз біреулер криптовалюта арқылы 7 трлн теңге шығарып үлгерген

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

АҚШ валютасымен есептегенде 15 миллиард доллар немесе 7 триллион теңгеге жуық қаражат криптовалюта арқылы "көлеңкелі аймақта" ізім-ғайым жоғалған. Бұл мәліметті бүгін Ұлттық банк төрағасы Берік Шолпанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Біз былтырдың өзінде азаматтар көлеңкелі аймақта криптовалютаға 15 миллиард АҚШ долларын жұмсағанын айтқан едік. Бұл, бәлкім, біздің азаматтарға заңды түрде инвестиция құюға мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық реттеу жүйесі толық қалыптаспауынан да болуы мүмкін. Қазір мұндай тетіктер әзірленіп жатыр, – деді ол.

Шолпанқұловтың айтуынша, Қазақстан криптовалюта транзакцияларын бақылауға арналған халықаралық жүйеге қосылуға ниетті. Бұл жүйе арқылы криптовалютаны көлеңкелі айналымда кім, қалай пайдаланғанын анықтауға мүмкіндік туады.

Қаласаңыздар, біз арнайы брифиң өткізіп, көлеңкелі аймақта кім қайда, қанша жұмсағанын аты-жөнімен айтып бере аламыз, – деп уәде етті Ұлттық банк өкілі.

Криптовалюта – бұл тек интернетте ғана өмір сүретін, ешбір мемлекет немесе банк тарапынан реттелмейтін цифрлық ақша түрі. Ол әрбір транзакция блокчейн технологиясы арқылы жазылып отыратын орталықтандырылмаған дерекқорда жұмыс істейді. Ең танымал криптовалюталарға Bitcoin мен Ethereum жатады.

Айта кетейік, бұған дейін биткоин бағасы алғаш рет 110 мың АҚШ долларынан асқаны хабарланған болатын.