Көлік министрі Марат Қарабаев Ақтау қаласында былтыр желтоқсан айының соңында болған әуе апатына байланысты тергеу жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта апатқа қатысты жиналған материалдар зерттеліп жатыр. Айта кетейік, бұл жұмыс Қазақстан аумағында жүргізілуде.
— Кез келген тергеу бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — тиісті материалдарды жинау. Бұл кезең аяқталды. Қазір біз екінші кезеңдеміз, яғни жиналған материалдарды зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Қарабаев.
Ол, сонымен қатар, бірнеше елдің мамандарының қатысуымен бірқатар зерттеу жұмыстары өткенін жеткізді.
– Біздің мамандар шетелдік сарапшылармен бірлесіп Бакуге, Грозныйға және Ростов-на-Донуға барып, ортақ зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі сәтте айта алатыным — осы, — деді министр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Естеріңізге сала кетсек, былтыр 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында Бакуден (Әзірбайжан) Грозныйға (Ресей) бет алған әзірбайжандық «Az Airlines» әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы құлап, бірнеше адам қаза тапқан.