Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті Кинематография басқармасының басшысы Ғани Мұратов режиссер Ермек Тұрсыновтың елден кетуі жайлы журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ФИЛЬМ НЕГЕ ШЫҚПАЙ ҚАЛДЫ
Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері мен “Қазақфильм” киностудиясының басшысы бүгін Астанада журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізген. Ulysmedia.kz тілшісі министрлікке қарасты мәдениет комитеті кинематография басқармасының басшысы Ғани Мұратовқа Ермек Тұрсыновтың туындысы жайлы сұрақ қойды.
– Ермек Тұрсыновтың «Бесмойнақ» деген фильмі неге прокатқа шықпай жатыр?
– «Бесмойнақ» деген фильм өкінішке қарай прокатқа шыққан жоқ. Себебі прокаттық куәлік беру бойынша біздің ережеміз бар? Заңнамаға қайшы келетіндіктен, ол фильм прокаттық куәлік алған жоқ. Қайшылықтарды дұрыстап, алып тастайтын болса, міндетті түрде ол фильмді прокатқа шығаруға дайынбыз.
– Қандай деталь үшін прокатқа жібермей отырсыздар?
– Заңнамаға қайшылық бар.
– Нақтырақ айтыңызшы.
– Ішінде заңнамаға қайшы, Конституцияға қарсы, мемлекеттілікке қарсы деген сияқты.
– Ашып айтпай тұрсыз. Нақты қандай бұл фильм Конституцияға қарсы, мемлекеттілікке қарсы дерлік талаптарды бұзып тұр?
– «Киноматография» туралы заңды ашып қарасаңыз, қандай талап бар екенін көресіз. Конституцияға қарсы, мемлекеттілікке қарсы болса...
– Сіз нақты айтпай, жұмбақтап тұрсыз. Жұмбақтаған сайын жауабыңыз сұрақ туғызады...
– Жұмбақтаған жоқпыз. Қазір мен нақты қай фрагмент бойынша екенін айта алмаймын. Себебі ол екі жыл бұрын болған оқиға. Бізде күніне 10 шамасына дейін кино келеді. Көріп үлгеру – ұмытып қаласыз.
– Өзіңіз сол фильмді көрдіңіз бе?
– Көрдім.
– Ендеше, неге ашып айтпай отырсыз?
– Қазір есімде жоқ.
– Нақты қанша кино дәл осылай Конституцияға қарсы, мемлекеттілікке қарсы ретінде танылып, қоймада жатыр?
– «Қазақфильмде» қанша екенін айта алмаймын. Соңғы статистиканы келтірейін: бізде наурыз айында бір фильм болды. Прокаттық куәлігі қайтарылған болатын. Ол қырғыздың «46 түн» фильмі. Жалпы біздің киноматография туралы заңнамамыз, прокат талабы – Дисней болсын, басқа Ресей, Қырғызстан, отандық фильм болсын бәріне ортақ. Егер ішінде заңнама талаптарына қайшы келетін фрагменттер болса, біз прокаттық куәлікті бермейміз. Ал егер бәрі дұрыс болса, ол туынды Қазақстан аумағында прокатқа шығуға құқылы.
ТҰРСЫНОВТЫҢ ЕЛДЕН КЕТУІ ЖАЙЛЫ
Министрліктің өкілдері Ермек Тұрсыновтың елден кетуі жөнінде Ғани Мұратов пікір білдіре алмайтынын, бұл оның жеке таңдауы екенін айтты.
Иә, мемлекет Ермек Тұрсыновтың шығармашылығын үнемі қолдап келді. Оның көптеген туындысы «Қазақфильм» аясында да, Ұлттық киноны қолдау орталығы арқылы да түсірілді. Болашақта да қолдауға дайын едік. Алайда бұл автордың өзі қабылдаған шешім, – дейді ол.
Журналистер одан “мен елден ығыстырып шығарды” деген сөзі жөнінде сұрақ қойған.
Тағы да айтамын, еліміздің Конституциясы сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік береді. Ермек Тұрсынов концерттер өткізіп, кітаптар жазып келді. Кітап шығаруға немесе кеш өткізуге ресми түрде тыйым салынғаны туралы ақпарат менде жоқ. Былтыр ол бірнеше шығармашылық кеш ұйымдастырды. Барлығы еш кедергісіз өтті. Ешкім тосқауыл қойған жоқ. 2025 жылға арналған жобаларға қатысты айтар болсақ, биыл Ермек Тұрсынов сценарий авторы ретінде Ұлттық кино орталығына үш ұсыныс жолдады. Яғни, ол үдерістен шет қалған жоқ. Біз тарапынан ешқандай шектеу немесе тыйым болмады, – дейді ол.
Министрлік өкілінің айтуынша, Тұрсыновтың алғашқы ірі жобасы – «Келін» фильмі. Оған дейін де ол түрлі кинотуындыларға сценарист әрі драматург ретінде атсалысқан. Бірақ толық метражды фильмде режиссер әрі сценарист ретінде алғаш рет дәл осы «Келін» арқылы танылған. Бұл туындының жалпы сметалық құны шамамен 100 млн теңге болған.
2019 жылы жарық көрген «Шырақшы» фильмі – оның «Қазақфильммен» бірлесіп жасаған соңғы жобасы, бюджеті – 680 млн теңге. «Шал» – 387 млн теңге, ал «Кенже» – 105 млн теңге шамасында. Бұл сомалар сол кездегі шешімдерге сәйкес бекітілді. Барлық жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылды, – дейді Ғани Мұратов.
ҚАЗАҚФИЛЬМ БАСШЫСЫНЫҢ ЖАУАБЫ
«Қазақфильм» АҚ президенті Айдар Омаров Ермек Тұрсынов «Қазақфильм» қызметкері емес екенін, оның шығармашылық қызметіне өзінің араласуға заңды негізі жоқ екенін айтады. “«Қазақфильмнің» оған қатысты қандай да бір ресми ұстанымы жоқ. Біз ешкімге кінә артпаймыз. Әрдайым конструктивті диалог пен өзара түсіністікті қолдаймыз” дейді ол.
ТҰРСЫНОВТЫҢ УӘЖІ
Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Бесмойнақ» фильмі түсіріліп біткен. Мемлекеттік қаржы игерілген. Антикор да, есеп комитеті де ақ-қарасын тексеріп шыққан. Бірақ фильм көрерменге жетпей, сөре түбінде шаң басып жатыр. Бұл жөнінде Ермек Тұрсынов Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында айтқан еді.
Қаржылық мәселе продюсер мен киностудия құзырында. Мен тек шығармашылыққа жауаптымын. Оның үстіне, мемлекет белгілеген әртүрлі салық пен ортақ шығындар бар. Соның бәрін шегергенде, менің (режиссёрдің) тікелей шығармашылық жұмысыма тек 30-40%-ы ғана тиесілі болып шығады (бөлінген қаржының). Оның өзі ақшалай емес, қызмет немесе жабдық түрінде беріледі, – дейді ол Exclusive арнасына берген сұхбатында.
Тұрсынов «Бесмойнақ» фильмін мемлекеттік тапсырыспен түсірген. Бірақ прокатқа бірер апта қалғанда, арнайы бұйрықпен көрсетілімге тыйым салынған.
Мәдениет министрлігі ол фильмде президентті мазақтау бар деген желеуді алға тартты. Мен келісім бермедім, яғни монтажымды өзгертпедім. Содан кейін кино мүлдем көрсетілмеді. Картинаны халыққа көрсете алмасам, қайдағы табыс? Өзімнің режиссёрлік жұмысымды аяқтағаным үшін аздаған еңбекақы алдым. «Мемлекеттің қаржысын ұрлады, кино жоқ» деген айып, таза жала. Фильм бар, тек жарыққа шыға алмай тұр. Министрдің сол кездегі шешімі әлі күшінде. Мен президент Тоқаевтың жеке басына құрметпен қараймын, оған тіл тигізу ойымда болған емес.
Менің жағдайымда бірнеше жол бар: елден кету, үнсіз қалу немесе билікке жағу. Елден кеткім келмейді, бір рет кеттім, жетеді. Үнсіз қалуға да болар еді, бірақ мен көпшілік алдында жүрген адаммын. Мені халықтың өзі сөйлетеді, мен солардың үнін жеткіземін. Мен шығармашылық еркіндік үшін күресемін, ақырына дейін айтамын. Сөз еркіндігін қорғай алмасақ, онда бұл қоғамға шығармашылықтың да керегі шамалы, – дейді ол.
Кинорежиссердің мұның алдында Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатын мына сілтемеден көре аласыздар.