Қан мен жара, өлім себебі, сарапшы пікірі. Шерзат сотында істі зерттеу жалғасып жатыр

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы жалғасып жатыр. Істі Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауда. Бүгінгі сот процесінде істі зерттеу жалғасып, Шерзаттың мәйітіне сот-медициналық сараптама жасаған мамандардан жауап алынды.

«МЫЛТЫҚТЫ НҰРҚИЯСТЫҢ ҚОЛЫНАН КӨРДІМ»

23 мамырдағы сот отырысында Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев пен сотталушы Нұрқияс Ілиясовтың беттестіру видеосы көрсетілді. Бейне жазбада Ғайыпбаев мылтықты Нұрқиястың қолынан көрдім деді.

 [Мылтықтың] бір рет атылғанын естідім. Кімнің атқанын көрген жоқпын. [Мылтық] Нұрқиястың қолында болды, – деді Ғайыпбаев видеода.

«МЫЛТЫҒЫН ТАРТЫП АЛЫП, НҰРҚАНАТТЫҢ ӨЗІН ҰРДЫМ»

Нұрқияс Ілиясов онымен келіспейді. Ол мылтықты керсінше Нұрқанат Ғайыпбаев атты дейді.

Мылтық атылды. Қарасам, мына баланың қолында болды. Оқтап үлгермейтін шығар деп жетіп едім. Тағы оқтап, тағы атты. Қайда атқанын білмеймін. Үшінші рет оқтап алғаннан кейін орнымда қатып қалдым. Сосын екеуі [Шерзат Полат] артқа қарай шегінді. Сол кезде ағаштармен қорғанып-қорғанып бардым атып жібермесін деп. Қайтыс болған бала сол уақытта тізеге құлады. Бұл мылтықты астыға қойды да, ана баланы ұстап жатқан кезде мылтықты астынан жұлып алдым. Нұрқанатты үш-төрт рет желкесінен ұрдым, – деді Ілиясов беттестіруде.

Видеода Нұрқияс Ілиясов Нұрқанат Ғайыпбаевқа «жігітше аттың ғой, мойындасаңшы» деп бірнеше рет айтады. Ғайыпбаев «атқан жоқпын, атқан жоқпын» деп жауап қойырады.

Марқұм Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишімбиеваның оқиға орнында жауап беріп тұрған сәті. Видеодан скриншот.

«АУЗЫҢДЫ ЖАП, СЕНІ ДЕ ӨЛТІРЕМІН»

Марқым Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишімбиеваның тергеу кезінде оқиға орнына барып берген жауабы көрсетілді. Видеода ол сотталушы Абзал Шынасыл мен Нұрбол Тоқтаубаевтың ұлына жібермей, кедергі жасағанын айтады.

Абзал мен Нұрбол менің қолымнан ұстап алды... Олар ана жерден тас лақтырады. Сол кезде енемнің мына жағына тиеді. Сол кезде соларға қарап, мен полиция, скорый шақырмайсыңдар ма деп айқайлаймын. Абзал маған «Ауызыңды жап, сені де өлтіремін» дейді. Сол кезде мен жұлқынып, жұлқынып барамын да Шерзат пен Нұрқанатқа қарай жүгіремін, – дейді ол видеода.

БЕТТЕСТІРУДЕН БАС ТАРТУ

Тергеу кезінде сотталушы Абзал Шынасыл Гүлбара Бишімбиевамен беттесуден бас тартқан. Ол «бұл кісіні ол жерден көрген жоқпын» деген. Сотта ол марқұм Шерзат Полаттың әкесі «Қаржаубай Нұрымов беттестіру алдында боқтап қысым көрсетті, сол себепті адвокатымның айтуы бойынша бас тарттым» деген.

«ШЕРЗАТТЫҢ ӨЛІМІНЕ ПЫШАҚ ЖАРАҚАТЫ СЕБЕП БОЛҒАН»

Сот-медицина сарапшысы Мұхит Көшеров сотта Шерзат Полаттың өліміне не себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, марқұмның өліміне сол жақ арқа тұсынан кірген пышақ жарақаты себеп болған.

Мен тексеру жүргізген кезде сол жақ дене қуысына еніп, шаншыла кесілген дене жарақаты анықтылды. Бұл жарақат артқы қолтық асты сызығы мен алдыңғы қолтық асты сызығының арасында орналасқан. Бесінші және алтыншы қабырға арасында. Плевра қуысына кіріп, өкпенің сол жағын жарақаттаған. Жараның сырты 2 сантиметр. Жара каналының бағыты арттан алға қарай... Жара каналының тереңдігі 2,5 сантиметр... Тікелей қазаға ұшырауына сол жақ кеуде қуысына шаншыла кірген жарақат себеп болған. Сол жақ өкпесінің жарақаты. Гематрикс. Плевра қуысына 1500 милилитр қанның жиналуы, – деді сарапшы.

Прокурор Дана Сәрсенбай «Шерзат Полатқа дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенде аман алып қалуға болар ма еді? деп сұрады.

 Көбінесе бұндай жарақат өлім себебіне алып келеді. Дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген жағдайда. Егер мына жағдайда арнайы медициналық көмек, хирургиялық ота, қанды тоқтату және жоғалтқан қанның орнын толтырған кезде аман алып қалу мүмкін еді, – деді Мұхит Көшеров.

Сот-медициналық сарапшы Мұхит Көшеров сотта Шерзат Полатқа қандай дене жарақаттары анықталғанын көрсетіп тұр. Видеодан скриншот.

МИНУТТАРМЕН ЕСЕПТЕЛГЕН ӨМІР

Сарапшы пышақ жарақатынан кейін Шерзат Полаттың белсенді қимылдауға мүмкіндігі аз болғанын айтты. Оның сөзінше, бұндай жарақат алған кезде қимылдау минуттармен есептеледі.

Шаншыла кесілген жарақаттарды алғанан кейін. Қысқа уақыт аралығында ғана белсенді әрекеттер жасай алады. Ол минут немесе ауқымды қан жоғалтқанға дейінгі аралық болуы мүмкін, – деді ол.

«БІР ЖАРЫМ ЛИТР ҚАН КЕТКЕН»

Сот отырысында тәуелсіз сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтан да жауап алынды. Ол марқұм Шерзат Полаттың мәйітіне қосымша сараптама жасаған. Сарапшының сөзінше, Шерзат Полаттың өліміне пышақ жарақаты салдарынан көп қан жоғалтуы себеп болған.

 Қан тез жоғалтқан кезде адамның жағдайы ауыр болады. Бір литр қан кеткенде адамның өміріне қауіпті. Бұл жерде бір жарым литр қан кеткен. Бір литр қан кеткен кезде көмек көрсетілгенде аман алып қалуға болар еді... Сыртқы дене жарақаттары өлімге алып келмейді. Бұл жерде өлім себебі көп мөлшерде қан жоғалту болып тұр ғой. Ал сыртқы жарақаттар қан жоғалтуға алып келе алмайды. Сол үшін өлім себебімен байланысты емес, – деді Халимназаров.

Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров сотта жауап беріп тұр. Видеодан скриншот.

«ПЫШАҚ ҮЛКЕН КҮШПЕН КІРГЕН»

Сарапшы Тахир Халимназаров Шерзат Полаттың денесіне пышақ қатты күшпен кіргенін айтты. Шерзаттың жарақат алғаннан кейін қорғануға мүмкіндігі болмаған.

Пышақ сабына дейін толық кіріп кеткен. Егер пышақ 9 сантиметр болса, бұл жерде 12 сантиметр болған. Пышақ үлкен күшпен кірген. [Соққы қатты болған] деп айта аламыз, – деді Тахир Халимназаров.

«ШЕРЗАТТЫ ӨЛТІРГЕН ЖОҚПЫН»

Бұған дейін Абзал Шынасыл сотта берген жауабында Шерзат Полатты өлтірмегенін, Нұрқанат Ғайыпбаевтың жамбасына пышақ ұрғанын айтқан. Ал Ғайыпбаев тергеу кезінде Шерзат Полатқа Абзал Шынасыл пышақ салды деген.

ТАҒЫЛҒАН АЙЫП ПЕН СОТТАЛУШЫЛАР

Іс бойынша Абзал Шынасылдан өзге Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) күдікті деп танылған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған.