Ақнәр Гүлстанның жұмбақ қазасы: екі құрбысы айыптауларға күтпеген жауап қатты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы жұмбақ жағдайда қайтыс болған КИМЭП университетінің түлегі, жас кәсіпкер, марқұм Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты тергеу ісі бір жылға жуық уақыттан бері жалғасып келеді. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызды. Тергеудің созылып кетуі мен ресми ақпараттың жоқтығы ақпараттық алаңдағы жағдайды өршітіп жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚОРҒАНУҒА ҚҰҚЫҒЫ БАР КУӘГЕРЛЕР

22 жастағы Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты тергеу ісі бойынша он ай бойы ешқандай ақпарат болмаған соң, жағдай күрт өзгерді. Ақнәрдің туыстары қайғылы оқиға болған түннен түсірілген жантүршігерлік кадрларды жариялап, марқұммен бірге болған құрбыларының бұл іске қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеді. Алайда олар бұл іс бойынша тек куәгер ретінде танылған.

Ақнәрдің анасы тергеудің созылып кеткенін айтып, президентке үндеу жолдағаннан кейін, полиция бұл үндеуге жауап берді. Онда тергеу жұмыстары жалғасып жатқаны және істің барысын Алматы қалалық полиция департаменті басшылығы жеке бақылауында ұстап отырғаны айтылды.

Қаза тапқан қыздың құрбыларының бірінің атынан баспасөз конференциясын өткізіп, мәлімдеме жасады. Журналистерге қыздардың кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар мен бірқатар БАҚ-та жарияланған жалған айыптауларға қатысты түсініктемелер ұсынылады деп уәде берілген. Бұл жерде, болжам бойынша, Ақнәр Гүлстанның анасы жасаған мәлімдемеге қатысты жарияланған материалдар болады деп болжанған еді.

Бірақ журналистер қанша үміттенгенімен баспасөз конференциясына екінші тараптан тек бір адам – қорғауға құқығы бар куәгер Дидар Мұқияттың адвокаты Жандос Палманов қана қатысты. Ол өз клиентінің құқықтық мәртебесіне ерекше назар аударды.

«ОЛ ӨЗІ КІНӘЛІ»

Палманов екі қыздың кінәсіздігін дәлелдеу мақсатында бірнеше бейнежазба ұсынды. Адвокаттың айтуынша, әлеуметтік желіде тараған жантүршігерлік кадрлар монтаждалған, сондықтан ол оның толық нұсқасын қарауды ұсынды. Палмановтың пікірінше, қысқартылған видеодан Ақнәрді қылқындырғандай әсер қалыптасады, алайда видеоның толық нұсқасы керісінше болып шығыпты. Мәселен, видеода жерде жатқан Ақнәрға «сабыр сақта» деген сөздер айтылып, бір кезде қыздардың біреуі Құран аяттарын оқиды. Сонымен қатар, қайғылы оқиғамен аяқталған кештің басынан жазылған видеода қыздар ән қосып, көңіл көтеріп билеп жүр. Оның алдында дастархан үстіндегі ішімдік құйылған бөтелкелер түсірілген. Адвокат оқиғаның қалай басталғаны туралы өз нұсқасын баяндады.

– Қыздар бұған дейін дәмханада кездесіп, жақсы көңілді күймен үйлеріне қайтып, өздерімен бірге тамақ алып кеткен. Келесі күні олардың өз ішіндегі қытай тіліндегі чатында марқұм Ақнәр бір жерге барып ішімдік ішуді ұсынған. Ол: «Кешегі дәмханадан қалған тамақты алып барамын» дейді. Сөйтіп олар менің клиентім Дидар жалдаған пәтерде жиналады. Сол жерде ішімдік ішіп, қыздар арасындағы мәселелерді талқылай бастайды. Бір кезде Ақнәр Гүлстанның көңіл күйі бұзыла бастағаны байқалады. Ол жылап, шашын жұлып, басын қабырғаға ұрады. Сол кезде менің клиентім де, оның құрбысы да Ақнәрді сабырға шақыра бастайды, – деді Жандос Палманов.

Адвокаттың сөзінше, сол кеште Ақнәрдің көңіл күйінің бұзылуына жеке өміріндегі қиындық себеп болған – жігіті оны тастап, басқа қызға кеткен көрінеді. Ақнәр сол жігітке барып, сөйлесіп, мәселені шешпек болған, бірақ құрбылары оны бұл райынан қайтаруға тырысқан. Куәгер қыздардың айтуынша, Ақнәр терезеден секірген сәтті ешқайсысы көрмеген: біреуі асүйде, екіншісі дәретханада болған.

ЫҢҒАЙСЫЗ СҰРАҚТАР

Адвокаттың Ақнәр ішімдік ішкен деген мәлімдемесі күмән тудырып отыр. Себебі сот-медициналық сараптамада Ақнәр Гүлстанның қанынан этил спирті табылмаған. Алайда Жандос Палманов бұл мәселенің анық-қанығын әлі зерттеу керегін айтты.

– Алғашқы сот-медициналық сараптамаға сәйкес, азаптау мен соққы іздері анықталмаған. Бірақ ағзасынан алкоголь табылмағаны жөнінде... біз бұл бағыт бойынша сарапшыдан жауап алуды сұрадық, – деді адвокат.

Сондай-ақ сарапшылар Ақнәрдің денесінде пайда болған тістеген іздер, көгерулер мен жұлынған шаштың қайдан шыққанын анықтауы керек. Яғни сарапшылар марқұм бұл жарақаттарды өзі салуы мүмкін бе деген сұраққа жауап беруі тиіс. (Мұндай салыстыру орынсыз болғанымен, Бишімбаев ісі еске түседі, ол істе де қорғаушылар Салтанат Нүкенова өзін өзі ұрған деп мәлімдеген.)

Куәгерлер Ақнәрді сабырға шақырып жатыр деген бейнежазбада қыздардың оның мойнын арт жағынан қатты ұстап тұрғаны анық көрінеді. Осы орайда “Бұл видео не себепті қандай мақсатпен түсірілген?” деген орынды сұрақ туындайды.

– Адам өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түсірген. Қазір жәбірленуші тарап бізге қысым жасап жатыр. Олар: «Қинады, тырнағын сындырды, шашын жұлып, жеккөрінішпен қарады» дейді. Сол себепті менің қорғауымдағы қыз өзін қорғау үшін бәрін видеоға түсіріп отырған, – деп түсіндірді адвокат.

Бірақ бұл түсініктеме әсіресе, адвокат көрсеткен тағы бір бейнежазбадан кейін сәл оғаш естіледі. Тағы бір видео, оның айтуынша, қайғылы жағдайдан алты ай бұрын түсірілген. Онда Ақнар тағы да жылап отыр, ал оны басқа бір жігіт жұбатып жатыр. Палмановтың айтуынша, ол жігіт – клиенті Дидардың ағасы. Видео кадрларында жігіт терезені ашып, Ақнарға «секір» дегендей ишара жасайды, бірақ артынан оны райынан қайтаруға тырысады.

Осыдан келіп, Дидар Мұқият әркез өзін қорғауға дайын болып жүрген бе деген сұрақ туады.

Бұл істе әлі де сәйкеспейтін жайттар мен түсініксіз тұстар көп. Мысалы, Ақнәрдің Дидар Мұқиятқа не үшін миллион теңге аударғаны, марқұмның жеке заттарының қайда кеткені белгісіз. Неге Ақнәрді жедел жәрдем алып кеткеннен кейін, құрбылары ең алдымен адвокат шақырып, өздері онымен бірге бармаған?

Жалпы, бұл сұрақтардың жауабы тек сотта білеміз. Алайда сот қашан өтетіні әзірге белгісіз.

АҚНӘРДІҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ

2024 жылы 20 шілдеде Алматыда 22 жастағы студент Ақнәр Гүлстан көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, көз жұмған. Тергеу бұл оқиғаны бастапқыда “суицид” ретінде тіркеген. Алайда марқұмның туыстары Ақнәрдың өліміне дейін қатыгездікпен азапталғанын және оны терезеден көршілері лақтырып жібергеніне сенімді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Ақнәр Гүлстанның туыстары оның өліміне байланысты әділдікке жете алмай жүргенін айтып, БАҚ өкілдерін жинап, маңызды сұрақтарға жауап берген болатын. Ulysmedia.kz тілшісі бұл істің жай-жапсарын жақындарының өз аузынан естіп келген еді.