Ресей Киевке жаппай шабуыл жасады: зардап шеккендер бар

Сырым Қаржас
ДСНС

Кеше түнде Ресей әскері соғыс басталғалы бері Киевке ең ірі әуе шабуылдарының бірін жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Украина билігінің мәліметінше, соққы салдарынан тұрғын үйлер бүлініп, кемінде 15 адам зардап шеккен. Ресей ондаған дрон мен баллистикалық зымырандарды пайдаланған.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл түн ел үшін ауыр болғанын айтып, әлеуметтік желідегі жазбасында Мәскеуге қысым жасау және атысты тоқтатуға қол жеткізу үшін Ресейге қарсы жаңа халықаралық санкциялар енгізуге шақырды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Киев аспанында дрондардың толқыны байқалып, қаланы жойқын жарылыстар дүр сілкіндірген. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері шабуылды тойтаруға тырысқанымен, кейбір зымырандар мен дрондар тұрғын аудандардағы нысандарға жеткен. Фототілшілер астананың көгін шарпыған от ұшқындарын және қою түтінді түсіріп алған. Зақымданған ғимараттардың бірінде өрт сөндірушілер жоғарғы қабаттағы терезелерден лап етіп шыққан жалынды өшіріп жатты.