Маңғыстауда жағалаудан екі мыңнан астам итбалықтың өлексесі табылған

Сырым Қаржас
Фото әлеуметтік желіден

Былтыр, 2024 жылғы қараша айынан бері Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауынан екі мыңнан астам итбалық өлексесі табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Итбалық өлекселерін тағы да Ақтаулық блогер және қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев анықтаған. Оның айтуынша, 24 мамыр күні ол түсірілім тобымен бірге Каспий жағалауындағы экологиялық жағдай туралы репортаж әзірлеу үшін Форт-Шевченко қаласына барған. Алайда әдеттегі түсірілімнің орнына топты алаңдатарлық көрініс қарсы алды — ұзындығы небәрі бір шақырымдық жағалау бөлігінде елуге жуық өлі ересек итбалықтың өлексесі саналған.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Бізді қарсы алған көрініс жантүршігерлік болды: ұзындығы бар болғаны бір шақырым болатын жағалауда елуге жуық ересек итбалықтың өлексесін санадық — бұл тек бір шақырымдық аумақ. Ал екі күн бұрын жергілікті балық инспекторлары 160-тан астам өлексені жинап, утильге жібергенін айтты, — деп жазды Азамат Сәрсенбаев Instagram-дағы парақшасында.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Lada.kz басылымының жазуынша, ҚР Балық шаруашылығы комитеті 20–21 мамыр аралығында Форт-Шевченко қаласы маңындағы Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауында тексеріс жүргізу барысында қатты ыдыраған 117 итбалық өлексесі анықталғанын мәлімдеді. Олардың болжамынша, бұл итбалықтар былтырғы қараша–желтоқсан айларында қырылған болуы мүмкін. Қазіргі таңда жағалауды бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы алғанда, былтыр қарашадан бері қырылған итбалықтар саны 2 194-ке жеткен.