Путин Украинадағы соғысты жалғастырғысы келеді – Германия СІМ басшысы

Сырым Қаржас
Фото: Khalil Hamra/AP/dpa/picture alliance

Берлин мен Киевтің негізгі әріптестері Ресейдің Украина аумағына жасаған кезекті жойқын зымыран соққысына жауап ретінде Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар енгізуді қолдады. Бұл туралы Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль жексенбі күні ARD телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефульдің айтуынша, Кремльдің әрекеттері Ресей президенті Владимир Путиннің қақтығысты бейбіт жолмен шешуге мүлде мүдделі емес екенін көрсетеді.

Путинге бейбітшілік қажет емес. Ол бұл соғысты жалғастырғысы келеді біз бұған жол бермеуіміз керек, – деді Вадефуль.

Министрдің айтуынша, Еуропалық одақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін әзірлеп жатыр. Ол Батыс елдерін Украина аумағына жасалған басқыншылық басталғалы бері ең ауқымды зымыран шабуылына нақты және қатаң жауап қайтаруға шақырды.

Біз бұған немқұрайлы қарап, үнсіз қала алмаймыз. Бұл – батыл әрі дәйекті әрекетті талап етеді, – деді Германияның сыртқы саяси ведомство басшысы.

Вадефуль Ресей тарапынан болып жатқан зорлық-зомбылықтың күшеюін «ашық сын-қатер» және «қорлау» деп бағалады. Оның айтуынша, бұл – экс-президент Дональд Трампқа бағытталған қорлық, өйткені Трамп Путинді келіссөз үстеліне отырғызуға күш салған болатын.

Ресейдің шабуылдарына қатысты өз пікірін Дональд Трамптың Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог те білдірді. Ол әлеуметтік желіде Киевтегі түнгі жарылыстардың фотосын жариялап, Мәскеудің әрекетін қатаң айыптады:

Әйелдер мен балалардың өз үйлерінде жаппай өлтірілуі — 1977 жылғы Женева хаттамаларының тікелей бұзылуы. Бұл хаттамалар бейбіт тұрғындарды қорғауға бағытталған. Мұндай шабуылдар – барып тұрған масқара. Қанды қырғынды тоқтатыңдар. Бірден атысты тоқтату қажет, – деп жазды Келлог.

Осыған ұқсас мәлімдеме Еуроодақтың дипломатия басшысы Кая Калластан да түсті. Ол халықаралық қауымдастықты Ресейге қысымды күшейтуге шақырып, «агрессияны тоқтатып, соғысқа нүкте қою» қажеттігін айтты.

Еске салайық, 25 мамырға қараған түні Ресей Украина қалаларына жаппай соққы жасап, соның салдарынан ғимараттар қирап, адам шығыны тіркелді. Бұл соғыс басталғалы бері ең жойқын шабуылдардың бірі болып отыр.