"Ондай болып тұрады" – Қазақстандағы Италия елшісі мұнай дауына пікір білдірді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандағы Италияның төтенше және өкілетті елшісі Антонелло де Риу Ulysmedia.kz тілшісінің Қашаған кен орнынан түсетін пайданы жоғалту ісі бойынша Қазақстанның NCOC-ке қарсы талап-арызына қатысты сауалына жауап берді.

ИТАЛИЯ ТАЛАП-АРЫЗҒА ҚАРСЫ ЕМЕС

– Ондай жайттар бұрын да болған, бола береді. Бұл қалыпты жағдай. Себебі мұнда ірі инфрақұрылымдық жобалар мен орасан қаржы туралы сөз болып отыр. Сондықтан мұндай даулар – әдепкі құбылыс, – деп есептейді Антонелло де Риу.

Консорциум мүшелерінің қатарында бұл дауға қатысты пікір білдіруден бас тартып отырған италиялық мұнай алыбы Eni де бар.

Дипломаттың пікірінше, тараптар кейінірек келісімге келеді.

– Мұндай қақтығыстар уақыт өте келе шешіледі. Бұл – ірі компаниялар арасындағы дауды шешудің қалыпты жолы, салауатты қарым-қатынастың белгісі, – деді елші.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 2023 жылғы сәуірде Қазақстан Қашаған кен орнын игеру басталғалы 15 миллиард долларлық кешігулер, техникалық мәселелер мен артық шығындар үшін халықаралық арбитражға жүгінген болатын.