Былтыр Талғардағы төбелес кезінде қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында сотталушы тараптың адвокаты судьяға қарсы шағым түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СУДЬЯҒА СЕНІМСІЗДІК
28 мамырда өткен сот процесінде түске дейін істі зерттеу жалғасты. Түскі үзілістен кейін сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Әбенов судья Ержан Жанұзақовқа қарсы шағым түсіргені айтылды.
Күннің бірінші жартысында сотталушы А.Н.Шынасылдың қорғаушысы Ж.Қ.Әбенов төрағалық етуші судья Е.С.Жанұзақовқа қарсы шағым түсірді. Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабының 11-бөлігіне сәйкес, істі жалғыз қарайтын судьяға қарсы шағымды сот төрағасы немесе соттың басқа судьясы шешеді. Заңның осы нормасын негізге ала отырып, шағымды сол соттың судьясы А.А.Беймбетов қарайды, – делінген Жоғары сот телеграм арнасында жариялаған ақпаратта.
Түске дейінгі сот отырысында Әбенов видеоға сараптама жасаған сарапшыларды шақыруды сұраған. Видеода сотталушы Абзал Шынасылдың бет-бейнесі дұрыс көрінбейтінін алға тартқан. Оның бұл өтінішіне прокурорлар қарсылық білдірген. Сараптама егжей-тегжейлі зерттелгенін айтқан. Судья адвокаттың өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Осыдан кейін адвокат судьяға сенімсіздік білдірген. Жоғары сот процестің қай уақытта жалғасатынын хабарлайтынын мәлімдеді.
ШЕРЗАТ ПОЛАТ ІСІ
Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесі 10 сәуірде басталған. 9 адам күдікті деп танылған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған. Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Күдікті ретінде Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған.