Талғардағы төбелес кезінде қаза болған Шерзат Полаттың өліміне байланысты сота сотталушы Абзал Шынасылдың қорғаушысы Әбеновтің сотқа төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақовқа қарсы түсірген шағымы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ ҚАУЛЫСЫ
Шағымды Алматы облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асқарбек Бейімбетов қарады. Ол «шағымды қанағаттандыруға негіз жоқ» деді.
Қылмыстық-процестік кодекстің 87-бабында судьяға шағым келтірудің негіздері көрсетілген. Бұл жерде қорғаушының келтірген наразылығы, яғни куәлерді, сарапшыларды шақырмауы ол негіздерге жатпайды, – деді судья Бейімбетов.
СУДЬЯҒА СЕНІМСІЗДІК
Адвокат Әбенов сотта өзінің судьяға қарсы шағым түсіруіне видеоға сараптама жасаған сарапшыларды шақыру туралы өтінішхатын қанағаттандырмауы себеп болғанын айтты. Ол «судья Ержан Жанұзақов істі обьективті қарап жатқан жоқ» деді. Күдікті Абзал Шынасыл адвокатының сөзін қуаттады.
Соттың бізге қарсы жасап отырғаны адамдарды шақырту. Ол адамдардан жауап алуға ешқандай кедергі болмас еді. Басқа керек кейбір сарапшылардан жауап алады. Ал мына жерде бізге түсініксіз болып тұр... Мен [видеоның] қанша уақыт аралығы тексерілмей қалғанын нақты айтып отырмын, – деді Әбенов.
ӨТІНІШХАТҚА ҚАРСЫЛЫҚ
Сотталушы тараптың тағы бір адвокаты Мәулен Ержанов қорғаушы Әбеновтың өтінішхатына қарсылық білдірді. Ол судьяға сенімсіздік білдіруге негіз жоғын айтты. Өзге күдіктілердің адвокаттары Әбеновтың өтінішхатын қолдады.
Прокурорлар соттан бас тарту туралы адвокаттың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай «адвокаттың өтінішхаты эмоционалдық жағдайда ұсынылды» деді. Сотта істі зерделеу жалғасып жатыр.
ШЕРЗАТ ПОЛАТ ІСІ
Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесі 10 сәуірде басталған. 9 адам күдікті деп танылған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған. Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Күдікті ретінде Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған.