Қазақстандықтарға көрші елден жерді жалға алуға рұқсат берілді

Сырым Қаржас

Қазақстан мен Қырғызстан Ыстықкөлдегі шипажайлар мен жер телімдері бойынша келісімге келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстанмен арадағы шипажайлық нысандар мен Ыстықкөл облысындағы жер телімдеріне қатысты келісімдер жөніндегі заңға қол қойды.

Бұл — 2024 жылдың желтоқсанында Бішкекте екі ел арасында бекітілген екі хаттамаға қатысты. Бірінші құжат Қазақстанның аймақтағы шипажай нысандары бойынша құқықтарын реттесе, екінші хаттама — Ыстықкөл ауданындағы жер телімдерін жалға алу мәселесін қамтиды.

ӘҢГІМЕ НЕ ТУРАЛЫ БОЛМАҚ

24.kg порталының дерегінше, жалға алынатын нысандарға мыналар кіруі мүмкін:

  • «Қазақстан» санаторийі (Чолпон-Ата, 16,85 гектар);
  • «Университет» спорттық-сауықтыру лагері (Бостери ауылы, 17 гектар);
  • «Самал» демалыс үйі (Бостери ауылы, 9,2 гектар);
  • «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығы (Қорумду ауылы, 13,7 гектар).

Сондай-ақ, Ыстықкөл ауданындағы жер телімдерін жалға алу туралы хаттамаға сәйкес, Тору-Айгыр – Тамчы айыл аймағында орналасқан 34,2 гектар жер Қазақстанға жалға беріледі. Бұл аумақта туристік және мәдени нысандар салынады деп жоспарланып отыр.

ПРОЦЕСТІҢ АЯҚТАЛУЫ

Аталған келісімдер бұған дейін Жогорку Кенеш (Қырғыз парламенті) тарапынан мақұлданған болатын. Енді Қырғызстан тарапы бұл құжаттарды ресми түрде ратификациялады. Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанға барлық ішкі рәсімдердің аяқталғанын және келісімдердің күшіне енуге дайын екенін хабарлауы тиіс.