Ulysmedia.kz тілшісі Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы Бақытжан Сағынтаевқа "Қазақстан экономикалық одақтағы баж салығынан түсетін табысты арттыруға күш салып жатыр ма?" деп сұрақ қойды.
САҒЫНТАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Сағынтаевқа Астана экономикалық форум барысында қойды.
Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты бұл әңгіме 2022 жылы басталған. Өйткені тауарлар қазір Қазақстан мен Қырғызстан арқылы кіріп жатыр (экономикалық одақ елдеріне – авт.) Сол кезде бұл мәселе көтерілген. Қазақстан тарапы да айтты. Еуразия экономикалық комиссияда қаралды. Қазір тауар ағынының бәрі өзгеріп жатыр. Сол себепті бұл премьерлердің кеңесінде, тіпті мемлекет басшылары тарапынан да ұсынылған болатын. Сол жерде тиісті әдістеме жасау керек деген тапсырма болған. Сол арқылы шешу керек дескен, – деді Сағынтаев.
Сол әдістеме бойынша Қазақстанның үлесі қанша болуы керек? Бұл сұраққа жауап берген Сағынтаев осы мәселе көтерілген кезде Ресей мен Беларусь тарапы бұған қарсы шыққанын айтады.
Олар “болмайды, бұл уақытша болып жатқан дүние, кейін бәрі орнына түскен кезде қайтадан қалпына қайтып келеміз, сонда біз әр кезде ауысып жатамыз ба?” деді. Содан біздің сарапшылар, үкіметтегілер арасында пікірталас болған кезде “онда әдістемесін жасайық, әртүрлі жағдай болғанда әдістемеге сүйенейік” деді. Әлі айтыс болып жатыр, – деді ол.
Бақытжан Сағынтаев әлбетте, Қазақстанның кеден бажынан алатын табысы қазіргіден жоғары болуы керек деп мәлімдеді.
Бірақ солай екен деп алып кете алмайсыз. Ол белгілеген шешімімен, есебі шығуы керек. Одақта бәрі консенсуспен қабылдануы керек. Бір мемлекет қарсы болса, ешқандай шешім өтпейді, – деді ол.
“Бұл мәселе сонда жылы жабылып тұр ма?” деген сұраққа Сағынтаев “біраз әріптестеріміз жылы жауып қойғысы келеді, бірақ ылғи көтеріп отырмыз. Қазір экономика, қаржы блогын біз басқарып отырмыз, әрдайым Қазақстан үкіметімен тиісті жұмысты істеп жатыр” деп жауап берді.
МӘСЕЛЕ НЕДЕ
Соғыс басталғалы Батыс елдері Ресеймен көп салада экономикалық байланысын үзді. Енді экономикалық одақ елдеріне тауардың бірқатары одақ елдеріне Ресей емес, Қазақстан арқылы келіп жатыр. Конъюнктура өзгергендіктен, экономикалық одақ ішінде кедендік бажды қайта қарайтын уақыт келді.
Қазір экономикалық одаққа түсетін кедендік баждың 6,955%-ын Қазақстан, 1,9%ын Қырғызстан, 1,22%ын Армения, 4,86%-ын Беларусь, 85,065%-ын Ресей алып отыр.